БастыЭкономика

Пандемия еңбек нарығына қалай әсер етті

Статистика органдарының мәліметі бойынша, 2020 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда, 2-тоқсанда Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 0,2%-ға ғана өсіп, 5%-ды құрады. Алайда болашақта жұмыссыздар саны едәуір артуы мүмкін, деп хабарлайды Kaznovosti.kz Еңбек ресурстарын дамыту орталығына сілтеме жасап.

Осылайша, статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жұмыс күшінің саны 0,9% төмендеді. Сонымен қатар, жұмыс күшінен тыс халық саны екінші тоқсанда бірінші тоқсанмен салыстырғанда 79,2 мың адамға немесе 2% -ға өсті.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Дәулет Арғындықовтың айтуынша, жұмыссыздық мәселесінің күрт ушықпауының бір себебі, халықтың ішінара жұмыс күшінен экономикалық белсенді емес санатқа ауысуымен байланысты.

«Карантинге байланысты шектеу шаралары күшіне енген кезде жұмыссыз адам жұмыс іздеуді уақытша тоқтатуы немесе іздеуі, бірақ оны дереу бастап кете алмауы мүмкін. Бұл жағдайда ол жұмыссыз деп танудың кейбір талаптарын сай   келмейді және тиісінше статистикада ескерілмейді. Шектеу шаралары аяқталған соң, бұл азаматтар жұмыс істеуге дайын болады және өздеріне табыс табатын жер іздей бастайды, осылайша жұмыссыздық туралы статистикада көрініс табады», – деп атап өтті ол.

Сарапшы, сондай-ақ, 2008-2009 және 2015-2016 жылдардағы дағдарыстар тікелей жұмыссыздықтың саны мен деңгейіне қарағанда, жұмыс күшінен тыс халықтың өсуіне көбірек себеп болғанын келтірді.

Жұмыссыздықтың салыстырмалы түрде төмен болуының тағы бір негізгі қыры – жұмыс берушілердің жаппай жұмыстан босатудың орнына, жұмыс уақытын қысқарту жөнінде шаралар қабылдауы.

«Қажет қызметкерді іздеу өте ұзақ уақытқа созылатын жағдайда, қысқартылған жалақы және/немесе жұмыс уақыты түріндегі жұмыстан босатудың баламасы компания үшін де, жұмысшы үшін де тиімді болып көрінеді. Біріншісі – іскерлік қабілетті қалпына келтіру кезінде күш-жігерді жаңа кадрларды таңдауға жұмсау қажет емес, екіншісі – түскен кіріс ішінара болса да сақталады», – деп түсіндірді Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ, сарапшы айтқандай, статистикалық деректердің сырын кетірмейтіні сол, «уақытша жұмыссыздар» санатына адамдардың үлкен тобы еніп отыр. Бұған демалыстағы адамдар (жыл сайынғы еңбек, жұмыс берушінің бастамасы, бала күтімі, оқу), жеке себептер бойынша жұмыссыз жүру, денсаулық жағдайы, жұмыстың маусымдық болуы, жұмыстың уақытша тоқтап тұруы, ауыспалы жұмыс немесе еркін жұмыс кестесі кіреді.

«Осы санаттағы адамдар уақытша жұмыссыз болғанына қарамастан, еңбек статистикасында жұмыс орнымен байланысты сақтаған болып саналады. Сондықтан оларды жұмыссыздар немесе экономикалық белсенді емес деп санауға болмайды. Осылайша жұмыспен қамтылған тұрғындар тобына жатады. 2020 жылдың бірінші және екінші тоқсандарымен салыстырғанда уақытша жұмыссыздардың саны 406,2 мың адамға артты», – деді «ЕРДО» АҚ президенті.

Осы санатқа жататын азаматтар қатарының күрт өсуіне, олардың жұмыс берушілері жыл сайынғы еңбек демалысына жұмысшыларды жаппай жіберуі, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің нұсқауына сәйкес еңбек қызметі шектелген немесе тоқтатылған адамдар санының көбеюі және тағы басқа себептер әсер етуде.

«Макроэкономика және әлемдік жағдай тұрғысынан алғанда, еңбек нарығы үшін экономикаға қатысты түйткілдер әлі алда тосып тұр. Макроэкономикалық терминологияда кірістің төмендеуіне байланысты тұтынудың дүниежүзілік төмендеу қарқыны экспортталатын өнімге сұраныстың төмендеуіне әкеп соғады. Бұл баға мен экспорт көлемінің құлдырауы немесе төмен күйде сақталуына апарады. Валюта түсімдері мен экспорттық компаниялар кірісі ағынының төмендеу үрдісі өз кезегінде басқа салаларға ықпал етеді. Осылайша, жақын келешекте мемлекеттік қолдау шаралары қысқарса жұмыссыздықтың өсетіні анық, бірақ оның қанша уақытқа созылатынын болжау мүмкін емес», – деп қорытындылады сарапшы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button