Құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібі I тоқсанда экономиканың өсуіне түрткі болды

Қазақстан Респубикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі
Онда қаржы министрі Мәди Такиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев, сондай-ақ Атырау және Ақмола облыстарының әкімдері баяндама жасады. Өз кезегінде ұлттық экономика вице-министрі ағымдағы жағдай туралы айтып берді.
«Биылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3%-ды құрады. Осы жылдың ерекшелігі – қалыптасқан жағдайға байланысты экономика мұнай саласын есепке алмай-ақ өсуде. Нақты сектордағы өсу 2,1%-ды, көрсетілетін қызметтер өндірісі 3,7%-ды құрады. Салалар арасында құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсім көрсетті. Сауда 4,8%-ға, байланыс қызметтері 3,9%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өсті», — деді ол.
Оның айтуыша, инвестициялар өсімнің драйвері болып қала беруде. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,4%-ға артып, 3,5 трлн теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестициялар 20,9%-ға өскен. Электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтауға салынған инвестициялар көлемі 2,5 есеге, ақпарат және байланысқа 2 есеге, ауыл шаруашылығына 70,6%-ға, саудаға 28,2%-ға, өңдеу өнеркәсібіне 21,6%-ға, көлік қызметтеріне 7,9%-ға артқан. Инвестициялардың жоғары өсуі Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Бұл ретте, Қостанай, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында айтарлықтай төмен.
«Биылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы $21,7 млрд-ты құрады. Тауарлар экспорты $12 млрд, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты $4,5 млрд болды. Ал тауарлар импорты – $9,6 млрд. $2,4 млрд-тан астам көлемде оң сауда балансы сақталуда.
Осы жылғы қаңтар-наурызда өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 8,5%-ға дейін жеделдеді. Өсу 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Жамбыл облыстары, сондай-ақ Алматы қаласында. Ал Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өндірістің төмендеуі байқалды.
Өткен жылы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға дейін өсті және осымен екінші жыл тау-кен өнеркәсібінің үлесінен жоғары болып отыр. Мұнай секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есеге төмендеді. Мәселен, ол 2010 жылы 16,5% болған болса, 2024 жылы 8,1%-ға дейін түсті.
Тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі әртараптандыруға баса назар аударуды жалғастыру маңызды, бұл орташа табыс тұзағынан шығуға мүмкіндік береді», — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу машина жасау өндірісінің 21,9%-ға, оның ішінде автомобиль құрастырудың 29,6%-ға және электр жабдықтарын өндірудің 31,3%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру 12,6%-ға, сусындарды өндіру 10%-ға, құрылыс материалдары өндірісі 37,1%-ға, металл бұйымдары 39,3%-ға, фармацевтикалық өнімдер 46%-ға, химия өнеркәсібі 2,4%-ға ұлғайған. Бұл ретте металлургиядағы өндіріс 6,3%-ға төмендеді.
«Осы жылы экономиканың өсуі мұнай секторының оң үлесісіз қамтамасыз етілетінін тағы да атап өткім келеді. Биылғы қаңтар-наурыз айларында мұнай өндірудің 19,8%-ға және табиғи газ өндірудің 15,1%-ға қысқаруы есебінен тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 11,4%-ға төмендеді.
Биыл мұнай өндірудің жалпы ішкі өнімге салымы бағалау бойынша минус 0,3 пайыздық тармақты құрайды. Сонымен бірге көмір өндіру 12,8%-ға, металл кендерін өндіру 0,6%-ға және өзге де пайдалы қазбаларды өндіру 39,4%-ға артты», — деді Азамат Әмрин.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,8%-ға өскен. Өсім 16 өңірде тіркелді, бұл ретте ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында. Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеуі Ақмола, Жетісу, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалды.
3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,8%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Абай, Қарағанды, Түркістан, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында.
Ал ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 3,4%-ға артты. Ең жоғары өсу Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелді.
Барлық 7 негізгі көрсеткіш бойынша өсу 8 өңірде тіркелді. Атырау облысында 4 көрсеткіш бойынша, Ақмола облысында 3 көрсеткіш бойынша төмендеу белгіленді.
«Апта сайын экономикалық өсу жөніндегі жедел штабта нақты кәсіпорындардың проблемалық мәселелері және өнім шығаруды ұлғайту мақсатында оларды шешу жолдары қаралады. Жалпы ішкі өнімнің таргеттелетін өсуін қамтамасыз ету мақсатында салалық министрліктер салаларды дамытудың нысаналы параметрлеріне қол жеткізу үшін барлық қаржылық және қаржылық емес шараларды қабылдауды қамтамасыз етуі қажет», — Ұлттық экономика вице-министрі.


