Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш – Көлік министрлігінің басшысы
Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Көлік министрлігінің басшысы Марат Қарабаев мәлім етті
Оның айтуынша, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 12 мың шақырым жолды жөндеу және қайта жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Бұл жолдардың 8 мың шақырымы республикалық желі, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдар. Жылдың соңына дейін 7 мың шақырымдағы құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр», – деді М.Қарабаев.
Автожол саласының дамуы туралы айта келе, Көлік министрлігінің басшысы іске асырылып жатқан автожол жобаларының басым тұстарына тоқталып өтті. Атап айтқанда, «Қарағанды – Алматы» (879 км), «Талдықорған – Өскемен» (768 км), «Атырау-Астрахань» (272 км) және «Ақтөбе – Қандыағаш» (96 км) автожолдары.
«Аталған жобаларды іске асыру барысында бірнеше мәселе туындап отыр. Біріншіден, Қарағанды, Абай, Жамбыл, Ақтөбе және Атырау облыстарында орналасқан жобаларға 500 адам көлемінде шетелдік жұмыс күшін тартуға квота жетіспейді. Екіншіден, Қарағанды, Абай, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдіктерінде кейбір жер учаскелерін сатып алу рәсімі кешіктірілуде», – деді министр.
Жалпы еліміздегі автожолдардың жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта республикалық жолдардың нормативтік жағдайы 92%, ал жергілікті желі көрсеткіші 87 пайыз. Бұл көрсеткіштер жылдың соңына қарай тиісінше 93% және 89%-ға дейін жеткізіледі деп көзделіп отыр.
Айта кетерлігі, биыл бірнеше маңызды отандық жоба өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Шақпақ баба асуындағы ең ұзын автомобиль туннелі шілде айында пайдалануға берілмек. Екіншіден, қыркүйек айында Алматы агломерациясы үшін маңызды транзиттік маңызы бар Шамалған станциясында автомобиль өткелі ашылады. Үшіншіден, елдің орталық және солтүстік өңірлерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізімен байланыстыратын Мерке-Бурылбайтал автожолы пайдалануға берілмек. Төртіншіден, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен бірге осы жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын Казталовка-Жәнібек және Өнеге-Бисен-Сайхын автожолдарында жөндеу жұмыстары толық аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ Үкімет отырысының барысында жол-құрылыс техникасына да қатысты мәселелер талқыланды. Бүгінгі таңда жол саласына 6 800 бірлік техника қажет. Бұл мәселені шешу үшін құрылыс және Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп жол-құрылыс техникасын оқшаулау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Баяндаманы қорытындылай келе, М.Қарабаев жол құрылысына құйылған инвестициялардың көлемін ескере отырып, салынған жолдарды тиісті деңгейде ұстау өте маңызды екенін атап өтті. Оның ақпараты бойынша, еліміз бойынша барлығы 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген, оның 60 мыңы жүк тасымалдау кезінде рұқсат етілген көлемді сақтамайды.
«Бұл жолдардың бұзылуына тікелей әсер етеді. Ол үшін карьер иелерінің салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілігін күшейту бойынша, сондай-ақ самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салу үшін тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді. Бұл нормаларды биыл қыркүйек айына дейін Мәжілістің қарауына енгізуді жоспарлап отырмыз», – деп түйіндеді ведомство басшысы.