2029 жылы Қазақстанның энергетика жүйесін профицитке шығару жоспарлануда – Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі 2029 жылға дейін еліміздің энергетика жүйесінде жаңадан 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік беретін 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады, деп мәлімдейді UKIMET телеграм арнасы.
Ол былтыр 770 МВт-тан астам жаңа қуат көзі іске қосылғанын, оның 608 МВт-ы дәстүрлі, ал 163 МВт-ы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) екенін атап өтті.
Жалпы алғанда, Энергетика министрлігі 2029 жылға дейін жаңадан 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік беретін 68 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мәселен, 2025 жылға белгіленген 621 МВт-тың 166-сы дәстүрлі энергия көзі, ал 9 нысан – ЖЭК.
2027 жылы қуаттылығы шамамен 1 500 МВт, оның ішінде 573 МВт-тық 13 ЖЭК объектісін іске қосу қарастырылып отыр.
2028 жылы 2 мың МВт-тан астам қуаттылықты, оның ішінде 245 МВт 3 жаңартылатын энергетика нысанын пайдалануға беру көзделуде.
«Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтимыз деп күтіп отырмыз, энергетика жүйесін профицитке шығару жоспарлануда, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді», — деді Ерлан Ақкенженов.



