БастыҚоғам

Астанада жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Бүгін Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақовтың өміріне негізделген «Арбамен арманға» кітабының тұсаукесері өтті

Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясының өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері қатысты. Олардың қатарында AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы, партия хатшысы Шолпан Каринова, Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Камзин, қоғам қайраткері, ҚР Құрметті азаматы, күйші Сүлеймен Оспанов, Respubliсa партиясының өкілі Ержан Еңсебай және тағы басқалар болды.

Еркін пікір алмасу форматында өткен жиын барысында «Арбамен арманға» автобиографиялық кітабының авторымен негізгі кейіпкердің өмірі туралы ашық диалог ұйымдастырылды. «Арбамен арманға» кітабы 23 жасында арбаға танылса да, рухы сынбаған Арнұр Ысқақовтың өміріне негізделіп жазылған. Туындыда басты кейіпкердің бастан кешкен бар ауыртпалығымен қатар, сол қиындықтарды еңсеріп шығу барысындағы күш-жігері мен батыл шешімдері көркем тілмен суреттелген.

Айта кетерлігі, елімізде тұңғыш рет «Жастар» театры жанынан құрылған «Қанаттылар» инклюзивті театры 2019 жылдың 15 қазанында мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ашылған Орталық Азиядағы жалғыз ерекше театр.

«Алланың қалауымен осындай ерекше істерді жасап жатқанымыз елге аз да болса пайдасы тиіп жатқаны қатты қуантады. Театрда өнер көрсететін жандардың диагнозы әртүрлі. Барлығының мүмкіндігі шектеулі: біреуінің есту қабілеті төмен болса, бірінің көзі нашар көреді. Баршамызды біріктірген күш – ортақ мұңымыз бен ортақ мақсатымыз. Жалпы мен үшін театр мен кино – көзімнің ағы мен қарасы», – дейді А.Ысқақов.

Кітаптың тұсаукесерінде AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Жамаубайұлы кітап авторымен танысқан кездерді еске алып, соңғы 10 жылда бірлесе отырып жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар туралы айтып өтті. Сонымен бірге партия мүмкіндігі шектеулі жандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендігін айтып жеткізді.

Сөз кезегінде партия хатшысы Шолпан Каринова жиналған көпшілікті кітаптың тұсаукесерімен құттықтай отырып, отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, жұртшылықты оқуға ынталандыруға, отандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған партияның «Кітап-Amanat» жобасы туралы тарқатып айтып берді. Жоба еліміздегі заманауи авторлардың шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуді көздейді.

Бүгінгі іс-шара барысында түйінделген негізгі ой – қоғамның маңызды мүшесі болып табылатын мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша әлеуметтік қолдау көрсету төңірегінде болды. Осы ретте қоғам болып мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мүгедектігі бар адам ретінде емес, керісінше жеке тұлға ретінде көру маңызды десті. Рухани іс-шараға қатысушылар «өмірде ешқандай шектеу жоқ, адам баласының мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін емес, барлық шектеу тек миымызда ғана. Ең бастысы, өз күшіңізге сенсеңіз жеткілікті, талай белестерді бағындыруға болады» деп тарқасты.

Айта кетерлігі, 20 наурыздан бастап басты кейіпкердің өміріне негізделген «Жизнь после» фильмі отандық кинотеатрлардан көрсетіле бастайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button