БастыҚоғам

ИИДМ вице-министрі жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды

Өңірге жасаған сапары барысында Еркебұлан Дауылбаев аймақтың  сумен жабдықтау жүйелері, кәріз суын тазарту кешендері мен бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Сондай-ақ вице-министр облыс тұрғындарын жеке мәселесі бойынша қабылдап, қала және аудан әкімдерімен кеңес өткізді.

Е. Дауылбаев «Қостанай-Су» МКК-да болғанда мекеменің қаржылық қызметін зерделеп, тиісті мамандармен несиені өтеу тетіктерін талқылады (ЕҚҚДБ, «Нұрлы жол» бағдарламасы). Сонымен қатар облыс орталығындағы кәріз тазалау қондырғыларының құрылысымен танысып, Садовое ауылындағы суды тазалау және тарату бекетінің қызметін субсидиялау мәселесінің маңыздылығына назар аударды.

Одан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі «Рудненский водоканал» ЖШС су тазалау станциясы мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып жатқан Рудный қаласындағы «39 квартал» және Қостанай қаласындағы Береке ықшам аудандарындағы құрылыс нысандары мен «Қостанай МБИ» үй құрылысы комбинатында болды.

Нысандарды аралап болғаннан кейін Еркебұлан Дауылбаев онлайн режімде қала және аудан әкімдерімен кеңес өтті. Басқосуда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен үй құрылысы мәселелері талқыланды. 

Ол өз сөзінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биылғы жылы Қостанай облысында 105 жобаны жүзеге асыру үшін 29 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Тұрғын үйлер салу және инфрақұрылым жүргізу үшін қазынадан 11,2 млрд теңге бөлінген. Осы қаражат есебінен 37,8 мың шаршы метр әлеуметтік баспана (623 пәтер) салынып, құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациямен қамтамасыз ету үшін 12 жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ өңірде ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрмен жалғастыру мақсатында жалпы сомасы 17,7 млрд теңгені құрайтын 42 жоба орындалады.

Кеңесте вице-министр аз қамтылған азаматтарды мемлекеттік тұрғын үймен қамту, көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формасына өту және тұрғын үй қорын жаңғырту сияқты мәселелерді назарға алды.

Жиын барысында ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше маңыз берілді. Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, аймақтағы 74,9 пайыз ауыл таза ауыз сумен қамтылған. Өз кезегінде бұл көрсеткіш өзге өңірлермен салыстырғанда төмен. Сондықтан да түйткілді мәселені оңтайлы шешу үшін Қостанай облысына бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай жоғары болып отыр. Соңғы үш жылда ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту үшін 20 млрд теңге бөлініп, аталған сала бойынша ахуал 13,8 пайызға жақсарған. Қазіргі таңда облыстағы 517 ауылдың 305-і ауыз сумен толық қамтылып отыр. Бүгінде 212 ауылға қажетті жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Оның ішінде 44 ауылда орталық сумен жабдықтау жүйесі жүргізіліп, 168 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылмақ.

Сонымен қатар вице-министр өңірдегі қалаларда кәріз тазалау жүйесі құрылысы мен оны қайта жаңғырту бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыру бағытында ИИДМ-ның дайындығы туралы ақпарат берді. Мәселен, бүгінде облыс орталығында кәріз-тазалау жүйесі жоқтың-қасы. Ал Арқалықта аталған жүйелер 100 пайызға, Жетіқарада 74 пайызға, Рудныйда 70 пайызға, Лисаковта 38 пайызға тозған.

 «Жобаларды іске асырудың негізгі тетіктері Үкімет тарапынан мақұлданды. 45 мыңнан астам тұрғыны бар қалаларда аталған бағдарлама халықаралық қаржы ұйымдарының несиесі есебінен жүргізілетін болады. Қарыз республикалық бюджет есебінен субсидиялау және су тарту қызметіндегі тариф бойынша қайтарылмақ. Ал тұрғындар саны 45 мыңнан төмен шағын қалаларда жобалар республикалық бюджет қаражаты есебінен орындалатын болады», – деп атап өтті Е. Дауылбаев.

Сондай-ақ ол кеңесте облыстағы 110 елді мекеннің бас жоспары, цифрланған және жаңартылған жобалары және инженерлік жүйелерінің картасы жоқ екендігін айтып, аталған мәселелерді шешудің маңыздылығын алға тарты. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button