БастыҚоғам

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жалғасуда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов жастар ресурстық орталықтарының өкілдерімен кездесу өткізіп, онда жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды.

Кездесуге қатысушылармен әңгімелесу барысында вице-министр жастарды жұмыспен қамту мәселесі олардың әлеуетін ашуға және даму үшін жағдай жасауға бағытталған мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.

«2020 жылға дейін ұлттық еңбек нарығы қысымға ұшыраған жоқ. Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы қолайсыз демографиялық жағдайға байланысты саны аз болған жаңа жұмыс күшін (жастарды) сіңіру үшін елдегі жұмыс орындары жеткілікті болды.

Алайда, жақын арада еңбек нарығына қысымның өсуі күтілуде. Болжам бойынша, мемлекеттің назарын талап ететін жұмыс күшінің жалпы саны шамамен 3 млн адамды құрайды. Оның 400 мыңға жуығы жыл сайын еңбек нарығына кіретін жастар.

Осы сын-қатерлерді ескере отырып, «азаматтардың жекелеген осал санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуден» «еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттарын нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдайлар жасауға» көшуді көздейтін жұмыспен қамтудың жаңа саясатына көшу қажеттілігі туындады», – деді Ербол Оспанов.

Вице-министр халықты жұмыспен қамту саласындағы жаңа саясат қалай іске асырылатыны туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Біріншіден, еңбек нарығын ырықтандыру – икемді жұмыспен қамту үшін жағдай жасау.

«Біз жұмыспен қамтудың икемді нысандарын, соның ішінде платформалық жұмыспен қамтуды және тиісті тәуелсіз қызметкерлерді құқықтық салаға бекітіп, оларды тану арқылы еңбек нарығын ырықтандыру үшін заңнамалық негіз жасаймыз.

Біздің міндетіміз – жаңа ынталандыру мен жеңілдетілген реттеу есебінен кем дегенде 300 мың бейресми жұмыскерді «көлеңкеден шығару», – деді Ербол Оспанов.

Екіншіден, жұмыс күшінің дағдыларын күшейту – жаппай оқыту және білім беру сапасын жақсарту.

«Еңбекке қабілетті азаматтарды оқытуға арналған мақсатты саны еселеп артады. Егер бұрын Еңбек министрлігі желісі бойынша оқытумен азаматтардың жекелеген санаттарына жататын 500 мыңға жуық адам қамтылса, енді оқыту үшін контингент олардың мәртебесіне қарамастан 9 млн адамға дейін жетеді», – деп атап өтті вице-министр.

Үшіншіден, жұмыс орындарын құру үшін барлық бағдарламаларды шоғырландыру.

«Жұмыспен қамтуды қажет ететін азаматтардың нысаналы топтары үшін нақты жобаларды іске асыру жалғасатын болады. Жастар үшін жұмыспен қамту бойынша тиімді шаралардың бірі жастар практикасы, сондай-ақ «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары болып табылады.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау жалғасуда. Кәсіпкерлік негіздеріне кемінде 10 мың адамды оқыту, сондай-ақ жастардың бизнес идеяларын іске асыру үшін 400 АЕК (1,2 млн теңге) бойынша 10 мың өтеусіз грант беру көзделген.

Биылдан бастап 9 ұлттық жоба іске асырыла бастады, олардың шеңберінде 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылуда. Осы жылдың 25 мамырынан бастап Ұлттық жобалар бойынша барлық бос орындар Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Осы уақыт ішінде 21 мыңнан астам бос жұмыс орны бар 1,5 мыңға жуық жоба орналастырылды, оларға іске асыру басталған уақытта 2,5 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды», – деп хабарлады Ербол Оспанов.

Төртіншіден, еңбек делдалдығын дамыту-жұмысқа орналасуға көмекті күшейту.

«Электрондық еңбек биржасында бұрын халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін барлық қызметтер цифрландырылған. Бұл онлайн режимде кәсіби бағдар беру, жаңа дағдыларға үйрету, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, жұмысқа орналастыру және еңбек қатынастарын ресімдеуді қоса алғанда, қызметтердің кең тізбесін көрсетуге мүмкіндік береді», – деп толықтырды вице-министр.

Өз кезегінде, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ өкілдері жастарға Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын жұмысқа орналасу және оқыту мүмкіндіктері және осы жылғы 27-29 маусым аралығында ЭЕБ-да өтетін жастарға арналған онлайн еңбек жәрмеңкесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Кездесу соңында Ербол Оспанов жастар ресурстық орталықтарының өкілдерін белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

«Көріп отырғандарыңыздай, Электрондық еңбек биржасын құру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді, қазақстандықтарға қызметкерлердің барлық мамандықтары мен біліктіліктері бойынша лайықты жұмыс іздеу мүмкіндігі ұсынылды.

Баршаңызды ынтымақтастыққа шақырамын. Сіздер креативті жастасыздар, әрі өз аудиторияңыз бар – олар сізге қарап бой түзеп және өздерін танытқысы келетін жастар. Сіздерден Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктері туралы, өткізілетін онлайн еңбек жәрмеңкелері туралы ақпаратты тарату бойынша барынша көмек көрсетулеріңізді сұраймын.

Біз әркімге өз армандарын жүзеге асыруға және өзін – өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік беруге тырысамыз», – деп түйіндеді вице-министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button