Денсаулық

Тәрелкеңіздегі паразиттер: тағамға қалай түседі және зардабы қандай

Көпшілік шала піскен стейк немесе тәбетті суши-сет толықтай қауіпсіз деп ойлауы мүмкін. Алайда дәл осындай тағамдар кейде аса қауіпті паразиттердің көзіне айналады. Олардың дернәсілдері мен цисталары көзге көрінбейді, иіссіз болады, бірақ айлар бойы өнімнің ішінде тіршілігін сақтап, аязға да, ыстыққа да, тіпті тұздауға да төтеп береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, жыл сайын миллиондаған адам күнделікті тұтынатын ас пен су арқылы паразиттерді жұқтырады. Кей жағдайда ауру бірнеше сағат ішінде білінсе, кейде жылдар бойы байқалмай, ағзаны іштен әлсіретеді.

Осы жасырын қоздырғыштардың тағамға қалай түсетіні, олардың қаупі және алдын алу жолдары туралы біз ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы Паразитология зертханасының меңгерушісі Зарина Читимовамен сұхбаттастық.

– Көпшілік өнімнің балғын көрінісін қауіпсіздіктің кепілі деп санайды. Бұл қаншалықты рас?

Бұл – ең қауіпті жаңсақ пікірлердің бірі. Өнімнің түсі, иісі мен сыртқы пішіні оның паразиттерден таза екенін білдірмейді. Дернәсілдер микроскопиялық болуы мүмкін, бірақ тірі және ағзаға түсуге дайын болады. Оларды анықтаудың жалғыз жолы – зертханалық тексеріс.

–  Көбіне қай тағамдар арқылы жұғады?

Ет толыққанды термиялық өңдеуден өтпесе, оның құрамында трихинелла дернәсілдері, шошқа немесе сиыр цепені, сондай-ақ токсоплазмоз қоздырғыштары қалуы мүмкін.  Балық пен теңіз өнімдері, әсіресе шикі немесе жеткіліксіз тұздалған түрлері, жиі описторхоз, клонорхоз және анизакидоз қоздырғыштарын алып жүреді. Көкөністер мен көк шөп аскарида мен власоглав жұмыртқаларын тасуы ықтимал, егер олар ластанған сумен суарылса. Ал тіпті мөлдір көрінетін бұлақ суында да лямблия цисталары мен гельминт жұмыртқалары кездесуі мүмкін.

– Бұл мәселе Қазақстанда және әлемде қаншалықты өзекті?

Бұл – жаһандық деңгейдегі мәселе. ДДСҰ деректеріне сәйкес, тағам мен су арқылы жұқтыру жыл сайын әлемнің әр түкпірінде миллиондаған адамға әсер етеді. Қазіргі таңда өсіру, тасымалдау немесе дайындау кезінде санитариялық талаптың бір рет бұзылуының өзі жаппай жұқтыруға себеп болуы ықтимал.

– Адам жұқтырғанын қалай білуге болады?

Белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Жедел кезеңде іштің қатты ауруы, жүрек айну, диарея, кебу, бөртпе, қышыну байқалуы ықтимал. Ал созылмалы ағымы әлдеқайда залалды – ол жылдар бойы байқалмай ағзаны әлсіретеді:

қаназдық дамиды, бауыр мен өт жолдары зақымданады, қоректік заттардың сіңуі бұзылады, салмақ азаяды, кейде жүйке жүйесіне зақым келуі мүмкін.

– Кімдер қауіп аймағында жиі болады?

Шикі балық пен шала піскен стейк сүйетіндер, бақылаусыз базарлардан өнім алатындар, сапасы төмен суды тұтынатын аймақ тұрғындары, сондай-ақ сапар кезінде жергілікті тағамдарды термиялық өңдеусіз татитын туристер.

– Қауіпті қалай азайтуға болады?

Біріншіден, көкөніс, жеміс-жидек пен көкті мұқият жуу, қажет болса, арнайы щетка немесе қауіпсіз дезинфекциялық ерітінді қолдану керек. Екіншіден, тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу. Үшіншіден, ет пен балықты қауіпсіз температураға дейін пісіру, «көзбен» шамалауға сенбеу. Сондай-ақ тағамды жәндіктермен немесе лас беттермен жанаспайтындай етіп сақтау маңызды.

–  Лабораториялар бізді қорғау үшін не істейді?

Референс-зертханада біз күн сайын ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек пен суды паразитарлық ауру қоздырғыштарының бар-жоғын тексереміз. Микроскопиялық әдістерді қолданып, үлгілерден зақымдану белгілерін анықтаймыз.

– Оқырмандарға басты кеңесіңіз?

Паразиттер – бұл тек өзгенің ғана емес, әркімнің де мәселесі. Олар сіздің дастарханыңызда да болуы мүмкін. Алдын алу – әрдайым емдеуден тиімді. Асүйдегі ұқыптылық пен тағамды дұрыс термиялық өңдеу – жай ғана ереже емес, бұл сіз бен отбасыңыздың денсаулығын қорғайтын сенімді қалқан.

Басқа жаңалықтар

Back to top button