Басты

ҚР Сауда және интеграция министрі Швейцарияда сауда келіссөздерін өткізді

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Швейцария Конфедерациясына сапары аясында ресми тұлғалармен бірқатар кездесулер өтті, деп хабарлайды Kaznovosti.kz

Швейцарияның сауда келісімдері жөніндегі Федералдық Кеңесінің уәкілдері Эрвин Боллингер (екі жақты сауда ынтымақтастығы) мен Маркус Шлагенховпен (халықаралық сауда ынтымақтастығы) кездесуде тараптар екі жақты және халықаралық саудадағы ағымдағы жағдайды және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы жағдайды талқылады.

Қазақстан келесі жылы 12-ші Министрлік конференциясын қабылдайтын ел ретінде (конференция осы жылдың маусым айында өтуі тиіс еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалдырылды) ДСҰ-ның жаңа Бас директорын сайлау процесін жіті бақылап отыр, – деп хабарлады Бақыт Сұлтанов. «Ұйымның жаңа басшысы әлемдік сауданың өзгеруі жағдайында ДСҰ-ға қажетті реформаларды жүргізіп, сауда дауларын реттеу жүйесін дағдарыстан шығарып, Дүниежүзілік сауда ұйымының беделін қалпына келтіруі тиіс», – деп мәлімдеді ҚР Сауда және интеграция министрі.

Кездесу аясында Қазақстан мен Швейцарияның екі жақты ынтымақтастығы талқыланды.

Осылайша, тараптар екі жобаны келісуді аяқтау туралы келісімге қол жеткізді: Қымбат металдардан жасалған бұйымдарға сынамалық таңбаны өзара тану туралы келісім және Қызметтер саудасын ішкі реттеу қағидалары бойынша Хаттама жобасы.

«Біз алдағы жоғары деңгейдегі сапарлар аясында келесі жылы аталған құжаттарға қол қоюды жоспарлап отырмыз», – деп нақтылады Бақыт Сұлтанов.

Тараптар сондай-ақ Қазақстанда тауарлардың шығарылуын растау бойынша экспорттаушылардың сертификаттарын электрондық форматқа ауыстыруға бағытталған REX жүйесін енгізу бойынша жұмыс барысын талқылады. Және қазақстандық сарапшылар үшін оқыту семинарын өткізу туралы келісті.

ҚР Сауда және интеграция министрінің айтуынша, Үкіметаралық комиссияның 10-шы отырысы хаттамасының көптеген тармақтары (2019 жылғы қазанда өткен) «пандемия мен локдаунның салдарынан орындалмаған». Бұл сондай-ақ 8 айда 20%-ға қысқарған өзара тауар айналымының төмендеуіне себеп болды. «Мұның басты себебі мұнай бағасының құлдырауы (біз Швейцарияға шикі мұнайды экспорттаймыз): тоннажда экспорт өсіп, бағасы төмендеді. Ал Швейцариядан импорттың өсуі Қазақстанға ковидке қарсы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің артуы есебінен болды», – деп түсіндірді                Б. Сұлтанов.

Қазақстандық экспортты кеңейту бойынша жұмыс шеңберінде ҚР Сауда және интеграция министрі Швейцария ҮАК тең төрағасы Эдвин Боллингер мырзаға 40 тауардың (жалпы құны 274,9 млн. АҚШ долл.) өзектендірілген тізімін ұсынды, оны Қазақстан Швейцария нарығына қосымша жеткізе алады. Тізімге мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, металлургия, құрылыс саласының өнімдері енді.

Сонымен бірге, Bucher Industries Директорлар кеңесінің төрағасы, Еconomiesuisse Швейцария кәсіпорындары Қауымдастығының сыртқы экономикалық комиссияның төрағасы және Басқарма мүшесі Филипп Мозиманнмен және Economiesuisse сыртқы экономикалық бағыттың басшысы және Басқарма мүшесі Ян Аттесландермен кездесу өтті.

Economiesuisse швейцариялық кәсіпорындар қауымдастығы 100 000-ға жуық компанияны ұсынады, 100 салалық қауымдастықты, 20 кантондық сауда палатасын қамтиды, салық, энергетика және қоршаған ортадағы өзгерістер, денсаулық сақтау және инфрақұрылым мәселелері туралы жеке секторды хабардар етеді.

Тараптар өнеркәсіптік кооперация және ҚР аумағында экспортқа бағдарланған өнім (Қытай, ОАӨ және ЕАЭО нарықтарына) өндіру жөніндегі жергілікті кластерлерді құру жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру перспективаларын талқылады.

Атап айтқанда, ҚР Сауда және интеграция министрі швейцариялық бизнес өкілдерін Қазақстанда ұлттық тауар өткізу жүйесі мен Еуразиялық азық-түлік хабын құру жөніндегі ірі жоба туралы хабардар етті. Ол швейцариялық бизнесмендерге ҚР-да ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жобаларды іске асыруға белсенді қатысуды ұсынды. Бақыт Сұлтанов Швейцария тарапына экспортты 13,5 млрд. АҚШ долларға арттыру әлеуеті бар 16 секторды (тауарлар мен көрсетілетін қызметтер) анықтау бойынша талдауды ұсынды.

Швейцария тарапы Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге өз мүдделілігін білдірді.

Атап айтқанда, жобаларды іске асыру үшін әлеуетті жобаларды бірлесіп анықтау бойынша жұмыс тобын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстандық тараптың мүдделерін QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы, Швейцария тарапының мүдделерін – Switzerland Global Enterprise және Швейцария-ТМД бірлескен сауда палатасы білдіретін болады.

Филип Мозиманн Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын қосымша атап өтті. Ол сондай-ақ бірлескен кластерлік өндірістерді оқшаулау және құру бойынша ұсыныстарды қолдады. «Біз мұндай жобаларды win-win қағидаты бойынша қарастыруды ұсынамыз», – деді Мозиманн мырза.

Басқа жаңалықтар

Back to top button