БастыСаясат

АШМ басшысы «Nur Otan» партиясында онлайн-қабылдау өткізді

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн-қабылдауға Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары қатысты. Азаматтар негізінен ауыл шаруашылығы бизнесін ашуға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне қызығушылық танытты.

Мысалы, Қанат Қалибек пен Дудар Нұрсипаның Ақмола облысында ауыл шаруашылығы жерлері бар екен. Азаматтар өз жерлерінде құс және балық өсіргісі келеді. Олар Сапархан Омаровтан шаруа қожалығын жүргізуге несие алу жолдарын түсіндіруді сұрады. Тағы бір өтініш беруші – Маңғыстау облысының тұрғыны Қуаныш Сейітов балық шаруашылығын құруға ниетті.

Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін қазақстандықтарға шаруа қожалықтарын субсидиялау және жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары жайлы толық ақпарат берілді.

Сондай-ақ, қабылдау барысында өзекті мәселелер мен шағымдар да көтерілді. Мәселен, Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны Қ.Әсілбеков ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсаған шығындары үшін субсидия алуға өтінімді қабылдауға бас тартқандығы жайлы шағымданды. Оның айтуынша, бұл өтініш Түркістан облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына бір айдан астам уақыттан бері қаралып келеді.

Соңында Алматы облысы Қосқұдық станциялық кентінің тұрғыны министрге жергілікті тұрғындардың мал жаю үшін жағдайы жоқ екенін айтты. Себебі елді мекеннің айналасындағы барлық жерлер ауыл шаруашылығы алқаптарына берілген.

Барлық сұрақтар бойынша Сапархан Омаров жан-жақты жауап берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button