БастыМәдениет

Ақтоты Райымқұлова Ренн қаласындағы ҚР Құрметті Консулын «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады

Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Францияның Бретань өлкесі, Ренн қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті Консулы Жанар Авар-Төребаеваны қабылдады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар Жанар Əскербекқызы Франция жəне Қазақстан медицина ғылымының докторы, «Алматы-Ренн» қалалар бауырластығының президенті, Франция жоғары дəрігерлер Кеңесінің кеңесшісі, Реннметрополь парламентіндегі Сан-Жиль әкімдігінің депутаты.

Жиында министр Жанар Төребаеваны Қазақстан мен Франция арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, қазақ мəдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Айта кетейік, Жанар Төребаева 2018 жылы Қазақстан Республикасының Ренн қаласындағы Құрметті Консулы қызметіне сайланған. Сол кезден бастап Бретань халықаралық коммерция палатасы және Франция Сыртқы істерінің Бретань өлкесіндегі экономикалық дипломатымен бірге Қазақстанға инвестиция тарту бойынша қыруар шаруа атқарып келеді. Қазақстанның Париждегі Елшілігімен бірлесіп, 2018-2019 жылдан бері екі ел арасында ауыл шаруашылығы, экономика саласында екіжақты кездесулер ұйымдастырып жүр.

Сонымен қатар Жанар Төребаева 2014 жылы Ренн қаласындағы жоғары коммерция университеті мен Алматы Менеджмент университеті арасында конвенция жасауға атсалысып, осы жоғары оқу орнында оқып жүрген қазақ студенттерге қамқорлық жасап келеді.

Өткен жылдан бастап Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Ренн қаласында атап өтуге қызу дайындық жұмыстарын жүргізген. Бретань фольклорлық музыка инструменттер ансамблімен насихаттау жұмысын жүргізіп, Ренн-Алматы бауырластығы аясында «АлРенн» квартетін құрған. Ұжым хакім Абай өлеңдерін француз тіліне аударып, Ренн қаласында болатын мерейтойға дайындады. Енді «АлРенн» квартеті Абай өлеңдерін Бретань және де басқа өлкелерде жыл сайын болатын фольклор фестивалінде орындайтын болады.

Ал 2016 жылы Жанар Төребаева жергілікті билікпен үш жылдай келіссөздер жүргізіп, Ренн қаласындағы «Алматы» саябағынан Абай ескерткішін ашқызды.

2019 жылы Қазақстан Елшілігі бастаған Абай шығармаларын орындау бастамасына қатысып, Францияда жалғасуына үлес қосты.

Биыл ақпанда ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың ұсынысы бойынша Ренн университеті кітапханасымен келіссөз жүргізіп, 15 қарашада Абай және өзге де қазақ жазушыларының кітаптарын университет кітапханасына тапсырады. Алдағы уақытта Ренн университетінің халықаралық əдебиет және тарих факультеттерінің студенттеріне абайтану және қазақ мәдениеті жайлы дәріс оқиды.

Осылайша Жанар Төребаева Францияда қазақ мәдениетін, Абайтану саласын таныту жолында да еңбек етіп жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button