ДенсаулықҚоғам

Жеңіс Қасымбек Теміртаудағы қара қар туралы пікірін айтты

Теміртаудағы қара қар күн тәртібінен түспей отыр. Бұл мәселені қала әкімінің есеп беру кездесуінде тұрғындар бірнеше рет көтерді. Кездесуге қатысқан аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек экологиялық жағдайды жақсарту туралы өз ұстанымын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен әрдайым жағдайды қадағалап, әлеуметтік желідегі жарияланымдарды бақылап отырамын. Және де бұл мәселені шешуде мен табандылық танытпақпын. Меніңше Теміртау экологиясына қатысты мәселелердің басым бөлігін біз «АрселорМиттал Теміртау» жоспарында көзделіп отырғандай 2024 жылға дейін созбай, ертерек шеше аламыз деп ойлаймын. Бүгін есеп беру кездесуінің алдында мен қаланы арнайы аралап шықтым, ластанған қарды өз көзіммен көрдім. Әрине, мен де сіздер сияқты оған ашулымын», – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол қала тұрғындарына «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының 2024-2025 жылға дейінгі экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жоспары бар екенін еске салды. Алайда, аймақ басшысының пікірінше, бұл шаралар жеткіліксіз.

«Ал Теміртаудағы ластанудың 80%-ы металлургия комбинатынан шығады», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қазір облыс билігі, компания әкімшілігі мен Энергетика министрлігі комбинатты табиғи газға көшіру мүмкіндігін талқылауда. Бұл Теміртаудың экологиялық проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button