
Соңғы 7 күнде Үкімет тарапынан бөлінген екі ұшақ және бес жүк көлігімен Индия, Ресей, Украинадан қажетті дәрілер Шымкентке жеткізілді. Олар ең алдымен қаладағы медициналық ұйымдарға, сосын дәріханаларға таратылады, деп хабарлайды Kaznovosti.kz.
⠀
Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Аптека №5», «Мега Фарм Плюс» серіктестіктердің көтерме қоймаларына арнайы барып, дәрілік заттарды жеткізу және дәрілік қордың жеткілікті екеніне көз жеткізді.

⠀
Аталған екі фармкомпания қорында 273 мың флакон левофлоксацин ерітіндісі, 200 мыңға жуық қорап аскорбин қышқылының инъекцияға арналған ерітіндісі, 130 мың қорап аналгин мен димедрол, эуфиллин ерітіндісі сынды медикаменттің 8 түрі келген.
⠀
Сонымен қатар, Қазақстанды оның ішінде Шымкент қаласын қажетті дәрімен қамтамасыз етуде «Химфарм» дәрі-дәрмек зауытын ерекше атап өткен жөн. Бүгінде мұнда инъекциялық ерітінділер мен инфузиялар, қатты пероральді дәрілік заттар (таблеткалар, саше, ампулалар), антибиотик ұнтақтары шығарылады.

