БастыСаясат

«Өлгендер өзін қорғай алмайды»: Белгілі депутат Bek Air басшылығына шүйлікті

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Алматы маңында апатқа ұшыраған Bek air әуе компаниясының зардап шегушілерге заңды өтемақы мен басқа қолдау шараларын жасамағанын мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.

Халық қалаулысының сөзінше, Bek Air басшылығының трагедиядан кейін үкіметтік комиссияның ресми қорытындысын күтпей, ел алдында апатқа қатысты өз болжамдарын жария етуі мүлде дұрыс емес.

Перуашев компанияның бұл мәлімдемесін қоғамдық пікір мен тергеу барысына ықпал етуге ұмтылу деп бағалауға болатынын білдірді.

«Адамдық және іскерлік этика тұрғысынан компания басшылығы алғашқы сәттен-ақ зардап шеккендердің жанынан табылып, шынымен көмек көрсетуі тиіс еді. Ауруханаларға түскен адамдардың хәлін сұрап, марқұмдардың отбасыларына баруы керек еді», – деді ол.

Мәжіліс депутаты 13 адамның өмірі қиылып, көбісі мүгедек болып қалғанын алға тартты.

«Құдай сақтасын, алайда бұл жағдайда кез келген жауапты компания тек заңды өтемақы ғана емес, сонымен бірге өздеріне пайда әкеліп отырған адамдарға өз еркімен қосымша қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруы тиіс еді», – деді халық қалаулысы.

Перуашев әуе компаниясы тарапынан заңды өтемақы мен басқа қолдау шаралары жасалмағанын атап өтті.

«Халық Bek air компаниясының өкілдерін ауруханалардан да, марқұмдарды жерлеу рәсімінен де көрген жоқ. Компания баспасөз арқылы ғана көңіл айтты. Құдды трагедияға ешқандай қатысы жоқ бөтен тарап секілді. Кінәні тағы да сол көз жұмған ұшқыштарға арта салатындай көрінеді. Өлгендер өз-өзін қорғай алмайды. Бұл әділдік пе сонда?», – деп әуе компаниясының басшылығына шүйлікті ол.

Депутаттың айтуынша, Bek air жолаушыларға трагедиядан кейін тоқтатылған рейстер үшін билет ақшасын әлі қайтармаған.

«Үкіметтік комиссияның жұмыс істеп жатқанына бір ай болса да, «Бек Эйрдің» кінәлі қызметкерлеріне қатысты да, не басқа да жауапты тұлғаларға қатысты ақпарат жоқ. Ешкім кек алуды немесе кінәсіздерді жазалауды талап етіп отырған жоқ. Бірақ ең болмағанда, осы әуе апатынан қаза тапқан азаматтарымызға қатысты әділдік болуы тиіс», – деді Перуашев.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы «Бек Эйр» компаниясынан құлаған ұшақтың жолаушыларына моралдық шығын ретінде өтемақы өндіріп алуды сұрады. Сондай-ақ, өкілетті органдарға тоқтатылған рейстер үшін жолаушыларға билет ақшасын қайтаруды қамтамасыз етуді тапсыру керектігін, қоғамды трагедияға қатысы бар күдіктілерге қатысты шаралардан хабардар ету қажеттігін айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button