Спорт

Тоғыз құсбегі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайды

Құсбегіліктен ұлттық құрама VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғау үшін Қырғызстанға аттанды. Дүбірлі додада тоғыз спортшы «Бүркіт салу», «Ителгі салу» және «Қаршыға салу» бойынша жүлдеге таласады

Құрама сапы ішкі біріншіліктер мен халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтап, жүлделі орындардан көрініп жүрген құсбегілерден жасақталды. Жауапты сын алдында спортшылар жоспарлы дайындықтан өтіп, оқу-жаттығу жиындарында шеберліктерін шыңдады. Қырандарды бабына келтіру мен жарыс талаптарына бейімдеуге де басымдық берілді.

Қазақстан «Бүркіт салуда» Ерзат Байқадамов, Арман Кушкаров және Руслан Тумурзинге сенім артады. «Ителгі салуда» Ерлан Кенжетаев, Сұлтансері Есентаев пен Бақдәулет Бабажан жарыс жолына шықса, «Қаршыға салуда» Дәурен Аршабай, Серікболсын Жалғасұлы және Заки Махмұтхан ел намысын қорғайды.

Құсбегілік бәсекелері 2–3 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Мұнда нәтиже құсбегінің шеберлігіне ғана емес, қыранның бабына, екеуінің өзара үйлесіміне де тікелей байланысты. Сондықтан бірнеше айға созылған дайындықтың нәтижесі дәл осы екі күнде сарапқа түседі.

Айта кетейік, құсбегілеріміздің VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуына Республикалық Құсбегілік Федерациясының Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ қолдау көрсетуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button