Қазақстандық авиакомпаниялардың жолаушылар ағыны төрт айда 4 млн адамнан асты

Қазақстанның авиация саласы тұрақтылықты сақтап, халықаралық стандарттарға жоғары деңгейде сәйкесетінін көрсетіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Оның айтуынша, елімізде қажетті институционалдық база толығымен қалыптасқан. Бүгінгі таңда Қазақстан әуежайларының авиациялық қауіпсіздік деңгейі – 95,7%, ал авиакомпаниялардың қауіпсіздік деңгейі – 82%. Бұл елімізге Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) нұсқасы бойынша әлемнің үздік 20 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік берді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық авиакомпаниялар 15 млн жолаушы тасымалдады, ал әуежайлар 32 млн адамға қызмет көрсетіп, 173 мың тонна жүк өңдеді. Биылғы алғашқы 4 айда ішкі жолаушылар ағыны өзгеріссіз қалып, 4 млн адамнан асты.

«Рейстердің қысқаруы халықаралық жолаушыларға, жүк тасымалына және әуежайлардың жұмысына тікелей әсер етті. Осыған қарамастан, қауіпсіздікті одан әрі арттыру мақсатында Әуе апаттарын тергеу орталығы құрылды, авиациялық әкімшілікке халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды. ICAO-мен бірлесіп 2050 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленуде, оны осы жылдың соңына дейін қабылдаймыз», — деп атап өтті министр.