Жылу беру маусымы жоспарға сәйкес басталды

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қаралды. Бүгінде 11 өңірде жылу беріле бастады, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірлердің жылу беру маусымына дайындығы, жылу көздеріндегі отын қоры, сондай-ақ жылу және электр желілеріндегі жөндеу жұмыстарының аяқталуы туралы баяндады.

Алматы және Шымкент қалаларында, Ұлытау, Жетісу, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жылу беру жүйесіне қосу жұмыстары кестеге және ауа райы жағдайына сәйкес қазан айының соңына дейін жүргізіледі.

Премьер-министр бұған дейін желілердің дайындығын 1 қазанға дейін қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтті. Абай облысынан басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады. Осыған байланысты Премьер-министр Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

«Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Өңір әкімдері жылыту маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандырып, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отырсын. Жоспарлы параметрлердің бәрі сақталуы керек, сондай-ақ отынның нормативтік қоры мен қосалқы жабдықтардың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Халыққа қажетті көмір бағасын тұрақты бақылауда ұстап, отын тапшылығына жол бермеңіздер», — деп атап өтті Премьер-министр.