
Жыл сайын 1 қазан күні әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Елімізде жасы бойынша зейнетақы алатын 2,6 миллионға жуық азамат бар. Мемлекет тарапынан аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіру және олардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10%-ға артты. Сонымен қатар күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері де ұлғайтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жалғасып келеді. Биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 110%-дан 118%-ға дейін жеткізілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аға буын өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, олардың белсенді өмір сүруіне және қоғам өміріне араласуына да ерекше көңіл бөледі. Бүгінде елімізде 132 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Орталықтар «бір терезе» қағидаты бойынша белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс бағыттарында қызмет көрсетеді. Мұнда қарт адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасалған. Атап айтқанда, йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылық, ағылшын тілі, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар ұйымдастырылады, – делінген хабарламада.
Қарттар күніне орай Астана қаласындағы, Ұлытау, Павлодар және Ақмола облыстарындағы зейнетақысы ең төменгі мөлшерде және одан төменгі мөлшерде алушыларға, Маңғыстау облысындағы және Шымкент қаласындағы 70 жастан асқан адамдарға, Қарағанды облысындағы 75 жастан асқан адамдарға, Түркістан облысындағы үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын жалғызбасты қарт адамдарға жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрайтын, 274,2 мың адамды қамтитын біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Жалпы, 2026 жылы шамамен 120 мың қарт азаматты әлеуметтік қолдауға 6,6 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Қаражат қатты отын сатып алуға, тұрмыстық және коммуналдық шығындарын өтеуге, дәрі-дәрмек алуға, емделуге, сауықтыруға, санаторий-курорттық ем алуға және басқа да әлеуметтік көмек түрлеріне жұмсалады, – деп атап өтті министрлікте.
Қарт адамдарды қолдау – әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты бағыттарының бірі. Бұл жұмыс зейнетақымен қамсыздандырумен шектелмей, аға буын өкілдерінің тұрмыс сапасын жақсартуға, денсаулығын сақтауға, белсенді өмір сүруіне және қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған.