Қоғам

Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асу барысы қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов баяндады, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдан бері «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы іске асырылып келеді. Абай облысы бойынша 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі 44 іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспары бекітілді. Аталған жоспар аясында 2026 жылға 32 іс-шара көзделген.

Биылғы жылдың 3 сәуір мен 31 мамыр аралығында елді мекендерді тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша санитарлық-экологиялық екі айлық өткізілуде. Осы кезеңде өткізілген сенбіліктерге 29 643 тұрғын, 2040 ұйым және 461 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 12 218 аула, 97 саябақ пен сквер және 57 ескерткіштің аумағы тазартылып, полигондарға 2897 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, 71 су айдыны, 3771 метр арық және 3 субұрқақ тазартылды. Көгалдандыру жұмыстары аясында биыл 67 мың ағаш отырғызу жоспарланған.

Сонымен бірге, 240 гектар аумақты қамтитын автомобиль жолдарының бойында орман жолақтарын отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Цифрлық сервистерді қолдану арқылы да тиісті жұмыс жүргізілуде. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 4171 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9,1 млн теңге айыппұл салынды.

Аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне санитарлық-экологиялық екі айлық аясында тазалық жұмыстарын сапалы ұйымдастырып, тұрақты түрде бақылауды, отырғызылған жасыл желектердің күтімін ерекше назарда ұстауды тапсырды.

«Өткен жылы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларды жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктер орын алды. Атап айтқанда, қоқысты уақтылы шығару мәселесі өзекті болды. Мұндай жағдайлар биыл қайталанбауы тиіс. Сонымен қатар, сенбіліктерді ұйымдастыру кезінде барлық деңгейдегі басшылардың міндетті түрде қатысуын қамтамасыз ету керек. Кейбір кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандар ұжымдарының сенбіліктерге белсенді қатыспай отырғаны да назар аударуды талап етеді. Осыған орай, тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әр азаматтың өз ауласының тазалығына жауапкершілікпен қарауын және сенбіліктерге белсенді қатысуын қамтамасыз ету маңызды», – деді Берік Уәли.

Басқа жаңалықтар

Back to top button