Қоғам

Серік Жұманғарин Қосшы қаласында Ақмола облысының фермерлерімен кездесті

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесу барысында жергілікті өнімдер көрмесін аралап шықты.

Көрме аясында делегаттарға өз өнімдерін ұсынғандардың арасында елордалық «Astana Өнім» бренді де болды. 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын «егістіктен сөреге дейін» қағидаты арқылы өнім сапасын толық бақылауға мүмкіндік беретін жүйені қалыптастырған.

Компания өз жемшөп базасы аясында шикізат сапасын тұрақты бақылап, сүтті өңдеуден бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 19 тонна сүт өндіріп, 30-дан астам өнім түрін шығарады. Олардың қатарында сүт, айран, қаймақ, ірімшік, май, сондай-ақ ұлттық өнімдер — қымыз бен шұбат бар.

“Өндірістік қуаты мен тұрақты клиенттік базасы қалыптасқан кәсіпорын қазіргі таңда жаңа «Burabay Milk» жобасын іске асыруда. Ақмола облысында салынып жатқан жаңа сүт кешені тәулігіне 50 тонна сүт өңдейді деп жоспарланған. Жоба заманауи халықаралық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, цифрлық басқару жүйесі арқылы жұмыс істейді”, – деді компания өкілі.

Айта кетейік, Ақмола облысы – еліміздің жетекші аграрлық өңірінің бірі. Өңір өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі – шамамен 15%. 2025 жылы мұнда рекордтық астық өнімі жиналды – 7,6 млн тонна. Бұл республикалық көлемнің төрттен бірінен асады.

Өңір сонымен қатар дақылдарды әртараптандыру динамикасын көрсетуде. 2025 жылы майлы дақыл алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жетіп, 2,5 есе ұлғайды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, биыл егіс көлемін 580 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы егіс алқабы 5,6 млн гектарды құрайды.

Серік Жұманғарин импортқа тәуелділік сақталатын азық-түлік өндірісін дамыту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді тереңдету басымдық ретінде қалып отырғанын баса айтты. Мемлекет бүгінде саланы қолдау құралдарын күшейтуде. Бұл ретте 2026 жылы мал шаруашылығын еліміздің бәсекелестік артықшылығы ретінде дамытуға басты назар аударылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button