
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығына қарасты «Оқжетпес» шипажайы медициналық қызметтерді жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Табиғи емдік ресурстар мен заманауи цифрлық шешімдерді ұштастырған мекемеде енді жасанды интеллектке негізделген диагностикалық жүйелер қолданысқа енгізілді.
Жаңа технологиялардың қатарында AI-станциялар бар. Бұл – қысқа уақыт ішінде ағзаның негізгі жүйелерінің жұмысын жан-жақты талдайтын интеллектуалды кешендер. Аталған жүйе жүрек-қантамыр, жүйке, тыныс алу және басқа да жүйелердің қызметін кешенді түрде бағалап, үлкен көлемдегі физиологиялық деректерді өңдейді.
Тексеру барысында мамандар дене құрамын, стресс деңгейін, вегетативті жүйке жүйесінің жағдайын, сондай-ақ биологиялық жасты анықтай алады. Сонымен қатар, технология ықтимал қауіп факторларын және жасырын функционалдық бұзылыстарды ерте кезеңде айқындауға мүмкіндік береді.
Зерттеу үдерісі 10–20 минут аралығында жүргізіледі, арнайы дайындықты қажет етпейді және науқас үшін толықтай жайлы жағдайда өтеді. Нәтижесінде көрсеткіштердің толық түсіндірмесі берілген цифрлық есеп қалыптасады. Бұл деректер дәрігерлерге емдеу мен оңалту бағдарламасын нақтылап, әр пациентке жеке тәсіл ұсынуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, AI-диагностика дербестендірілген медицинаның мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Ол тек тиімді ем-шараларды таңдауға ғана емес, сонымен қатар емдеу барысындағы және одан кейінгі ағзаның жағдайын бақылауға жағдай жасайды.
«Оқжетпес» шипажайында денсаулықты нығайтудың кешенді тәсіліне ерекше мән беріледі. Цифрлық технологиялармен қатар дәстүрлі медицинаның әдістері де кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, ағзаның ішкі тепе-теңдігін қалпына келтіруге және иммунитетті күшейтуге бағытталған қытай медицинасы белсенді дамып келеді.
Сондай-ақ шипажайда қабынуға қарсы және қалпына келтіруші әсерімен белгілі нафталан терапиясы, биологиялық белсенді заттардың табиғи күшіне негізделген пантоемдеу, сондай-ақ жамбас түбі бұлшықеттерін нығайтуға арналған «Кегель тағы» процедурасы сәтті қолданылуда.
Мекеме өкілдері жасанды интеллектті медициналық үдерістерге енгізу – бір реттік жаңашылдық емес, ұзақ мерзімді даму стратегиясының бір бөлігі екенін атап өтеді. Мұнда озық технологиялар, дәрігерлердің кәсіби тәжірибесі және әр пациентке жеке көзқарас үйлесім тапқан.
Осылайша, «Оқжетпес» шипажайы заманауи медициналық-сауықтыру орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, диагностика, алдын алу және оңалту сапасын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді жүйелі түрде енгізуді жалғастыруда.