Онлайн-казинодан түскен табыс тәркіленді: Porsche мен Lexus мемлекет кірісіне өтті

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті онлайн-казино түріндегі заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген Рантик Бахтияр Оглыға қатысты тергеу жүргізуде
Ойын платформасының жұмысы үшін мыңнан астам құмар ойын түріне қолжетімділік ұсынатын «bingo37.pro» сервисі пайдаланылған. Олардың қатарында «Crazy Monkey», «Keno», «Euro Game» және басқа да танымал ойындар бар, деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметі.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, ойыншыларды тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген. Онда жарнамалық, фото және бейнематериалдар, түрлі акциялар мен бонустық бағдарламалар туралы ұсыныстар таратылып, қолданушыларда жеңіл әрі жылдам ұтысқа қол жеткізуге болады деген түсінік қалыптастырылған. Ақша аударылғаннан кейін ойыншыларға платформаға кіруге арналған логиндер мен құпиясөздер берілген.
Ойыншылардан қаражат қабылдау және қаржы ағындарын жасыру мақсатында күдікті Грузия мен Тәжікстан азаматтарын — дроперлерді тартқан. Олар Қазақстан аумағына әдейі келіп, банк шоттары мен абоненттік нөмірлерді тіркеп, кейін оларды пайдаланбай, қолжетімділікті ұйымдастырушыға тапсырған.
Нәтижесінде дроперлердің атына тіркелген шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден астам қаражат түскен.
Сонымен қатар, үшінші тұлғалардың атына рәсімделген екі автокөлікке — PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 сот қаулысымен мемлекет кірісіне тәркіленді, – делінген хабарламада.
Тергеу жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.


