Қалада экологиялық мәселелерді шешуге басымдық беріледі – Алматы әкімі

2026 жылдың соңына дейін Алматыда ЖЭО-2-ні табиғи газға көшіруді аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ЖЭО-3-ті бу-газ технологиясына көшіру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр
Бұл шаралар жиынтығында жылу көздерінен тараған зиянды шығарындыларды 92%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.

Оның деректеріне сәйкес, 2027 жылға қарай жеке сектор 100% газбен қамтамасыз етіледі. Ал, 2028 жылға қарай қалалық маршруттарды экологиялық таза қоғамдық көлікке көшіру жоспарда бар.

Сондай-ақ қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар көзделген: қалдықтарды полигондарда көму тәжірибесінен бас тартып, терең қайта өңдеу мен энергетикалық кәдеге жаратуға көшу. Осы мақсатта жылына 80 мың тоннаға дейін пластик пен 150 мың тонна болатын макулатура өңдейтін зауыттар салынады.

Қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтарды өртеу арқылы жою жоспарланып отыр. Ол үшін тәулігіне 2 мың тонна қоқыс жағатын зауыт салу көзделген. Қабылданған шаралар 2030 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін қазіргі 17,3%-дан 37%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етеді.

«Қалада экологиялық мәселелерді шешуге басымдық беріледі. Экологиялық іс-шараларды іске асыру қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудың, сондай-ақ орнықты, қауіпсіз және заманауи қаланы қалыптастырудың негізгі шарты ретінде қарастырылады», – деп мәлімдеді Дархан Сатыбалды.