Толғанбай Сембаевтың шығармашылық ән кеші өтті

Айта кетсек, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған өнер апталығы 6 желтоқсанға дейін жалғасады

Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 80 жылдық мерейтойына арналған өнер апталығы аясында бүгін Абай атындағы кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнердің өрісін кеңейткен ұлағатты ұстаз Толғанбай Сембаевтың «Мен сені сағынғанда…» атты шығармашылық ән кеші өтті.

Кештің мәдени мазмұны қазақ дәстүрлі әнінің терең тамырына сүйеніп, ұлттық өнеріміздің бай мұрасын даралай түсті. Тыңдарман қауым уақыт сынынан өткен әндердің көркемдік қуатын сезініп, ерекше ықыласпен қабылдады.

Сахна төрінде дәстүрлі өнердің танымал тұлғалары – Рамазан Стамғазиев, Ербол Сарин, Ербол Айтбаев, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Сая Есенгелдинова, Серік Бабаханов, Серікхан Айбат, Айдос Саниязбек, Бағдат Таңшолпан, Қайрат Камидолдин, Таңат Мұқашев өнер көрсетті.

Бағдарлама барысында Толғанбай Сембаевтың талай жылдан бері ел жүрегінен орын алған әндері шырқалып, өнердегі жолы мен ұстаздық қызметіне арналған жылы лебіздер білдірілді. Көрермен көңіл төрінен орын алған кеш ұлттық ән өнерінің құдіретін айшықтап, үлкен рухани әсер сыйлады.