Мамандық алхимиясы: Алия Бейсембаеваның жолы

Қазақстанның солтүстігіндегі алтын өндіретін Бестөбе кентінде, жер қойнауынан қазына іздейтін кеншілердің мекенінде, тағдыр өзге байлық – тазалық пен шындықтың формуласын іздеуді нәсіп еткен бір қыз дүниеге келді. Сол қыз бүгінде – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы санитариялық-химиялық зертханасының меңгерушісі, өз ісіне адал маман – Алия Бейсембаева.

Балалық қызығушылықтан басталған жол

«Барлығы бала шақтан басталды деп ойлаймын. Маған әрдайым химия қызық болатын, тіпті күрделі көрінсе де. Математика мен химия пәндеріне ерекше ынта танытып, олимпиадаларға қатыстым. Сол кезде-ақ менің болашақ бағытым айқын еді», – деп еске алады Алия Жетрубайқызы жылы жымиып.

Ғылымға апарар алғашқы қадамдар

Мектепті тәмамдаған соң Алия Еуразия ұлттық университетінің химия факультетіне түсіп, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасында білімін жалғастырды. Әр тәжірибе – ол үшін жай ғана формула емес, жаңа білім мен жаңалыққа бастайтын мүмкіндік еді.

Магистратура кезінде Алия мұнай өнімдерінен синтезделген аминосалиц қышқылы негізінде туберкулезге қарсы жаңа препарат жасау жобасына қатысып, нәтижесінде патент иегері атанды.

«Біз тиімділікті сақтай отырып, қауіпсіз синтез жолын іздедік. Ізденісіміз нәтижесіз болған жоқ – патент алдық. Бұл мен үшін алғашқы үлкен ғылыми жетістік еді», – дейді ол мақтанышпен.

Ғылым мен тәжірибе тоғысқан сәт

Университетті тәмамдағаннан кейін Алия Алматыдағы Катализ институтында ғылыми қызметкер ретінде еңбек жолын бастады. Пробиркалар мен реактивтердің арасында өткен жылдар оның зерттеушілік болмысын шыңдап, табандылығын арттырды. Кейін Астанаға оралып, университетте химия пәнінен дәріс оқыды. Бірақ жүрегі нақты тәжірибе мен қол еңбегінің нәтижесін көруге ұмтылды.

«Оқыту – әдемі іс, бірақ мен өз еңбегімнің жемісін өз көзіммен көргім келді. Қолмен жасаған жұмыстың нәтижесін сезіну – мүлде бөлек қуаныш», – дейді ол.

Он алты жыл – бір зертхана, бір өмір

2009 жылы Алия Бейсембаева Референс-зертхана ұжымына қосылды. Химик-зертханашы қызметінен бастаған ол бүгінде санитариялық-химиялық зертхананың білікті жетекшісі. Оның жұмысы – көзге көрінбейтін қауіптерді анықтау. Судың, тағам өнімдерінің және ауаның сапасын бақылау, ауыр металдар мен түрлі қосылыстардың мөлшерін анықтау – мұның бәрі аса жоғары дәлдік пен зор жауапкершілікті талап етеді.

«Химия – зерттеу өнері. Әр тәжірибе өз жауабын береді, бірақ ол жауап әрдайым бірдей бола бермейді. Әр сынама – өзінше бір әлем», – дейді Алия Жетрубайқызы.

Миллиметрлік қағаздан цифрлық дәуірге дейін

Алия өз еңбек жолын бастаған жылдары барлық есеп-қисап қолмен жүргізілетін.

«Бұрын графиктерді миллиметрлік қағазға өзіміз сызатынбыз. Қазір компьютер барлығын бірнеше секундта талдайды. Бірақ бір нәрсе өзгермейді – химик әр көрсеткіштің табиғатын терең түсінуі керек», – дейді ол.

Он алты жыл ішінде ол зертхананың қалай жаңарып, заманауи автоматтандырылған жүйелер мен аналитикалық кешендерге көшкенін өз көзімен көрді.

Кәсіп, уақыт және адамдар

Бүгінде Алия басқаратын зертханада күн сайын ондаған сынама зерттеледі – судың сапасынан бастап тағам құрамындағы ауыр металдарға дейін. Әр сынақ – халық денсаулығын қорғауға қосылған үлес.

«Кейде біздің жұмыс көзге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ дәл сол “ұсақ-түйектер” адамдардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын қамтамасыз етеді. Біз әрбір адамның сенімі мен тыныштығы үшін еңбек етеміз», – дейді ол.

Әңгіме әріптестері туралы қозғалғанда, оның дауысында жылылық пен мақтаныш анық сезіледі:

«Біздің ұжым – бір отбасы секілді. Жастар да бар, тәжірибелі мамандар да бар. Бір-бірімізден үйренеміз, білімімізбен бөлісеміз. Міне, осындай сабақтастық – кәсібіміздің басты күші».

Еңбегі мен адалдығы – алтыннан қымбат

Алия Бейсембаеваның өмір жолы – өз ісіне шын берілген, адал еңбегімен танылған жанның тарихы. Ол бізге ғылым мен табандылықтың, адалдық пен жауапкершіліктің шынайы құнын еске салады. Осындай мамандардың арқасында әлем қауіпсіз, сенім нық, өмір жарқын.