Алматыда Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар басталды

Алматыда Республика күніне арналған кең ауқымды мерекелік бағдарлама бастау алды. Қала бойынша флешмобтар, концерттер, спорттық жарыстар, экологиялық акциялар мен патриоттық кездесулер ұйымдастырылуда. Жалпы саны 100-ден астам іс-шара ұлттық бірлікті нығайтуды және азаматтық жауапкершілікті арттыруды мақсат етеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Орталық мерекелік іс-шаралар 24 және 25 қазанда өтеді.

24 қазан, бейсенбі күні, Республика сарайында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік концерт өтеді. Басталуы — 15:00.

25 қазанда сағат 11:00-де «Медеу» спорт кешенінде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтіп, Мемлекеттік Әнұранды көпшілік қосыла шырқайды. Осы күні Республика сарайы алдындағы алаңда «Атамекен» әнімен ауқымды патриоттық акция өткізу жоспарланған.

Алматы мерекені салтанатты іс-шаралармен ғана емес, мәдени, спорттық және қоғамдық бастамалармен де атап өтеді.

15-25 қазан аралығында қаладағы жоғары оқу орындарында «Қыран елім – Қазақстаным!» атты мәнерлеп оқу байқауы өтіп жатыр.

Ал 20-26 қазан күндері жастар арасында Plastic-FREE Week экологиялық челленджі ұйымдастырылуда. Оның мақсаты — бір реттік пластиктен бас тарту және экологиялық әдеттерді қалыптастыру.

 Қала тұрғындары үшін мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылады:

Ал ең жарқын бастамалардың бірі — Абай алаңындағы Qazaq Flag Cube акциясы. Оның аясында қатысушылар Рубик кубиктері арқылы Қазақстанның Мемлекеттік Туының бейнесін құрастырады.

Сондай-ақ, Орталық стадионда көлемі 50×20 метр болатын Қазақстанның алып Туын жайып көрсету рәсімі өтеді. Бұл ұлттық бірлік пен мақтаныштың символы.

Апта бойы флешмобтар мен концерттер қаланың барлық сегіз ауданында ұйымдастырылады:

 22 қазан

Әуезов ауданында Б.Момышұлы атындағы колледжде «Республика күні» флешмобы өтеді. Басталуы — 12:00.

Бостандық ауданындағы «Сұңқар» спорт кешенінде «Менің Республикам – Менің Отаным» флешмобы ұйымдастырылады. Басталуы — 11:00.

Наурызбай ауданының Шұғыла шағынауданында, 347/4 мекенжайында мерекелік концерт өтеді. Басталуы — 15:00.

Түрксіб ауданында №7 Оқушылар үйінде «Жаса, Қазақстан!» концерті болады. Басталуы — 15:00.

23 қазан

Алмалы ауданында Құрманғазы атындағы оркестр залында мерекелік іс-шара өтеді. Басталуы — 15:00.

24 қазан

Алатау ауданында Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында Республика күніне арналған мерекелік концерт ұйымдастырылады. Басталуы — 11:00.

Жетісу ауданында Есім хан көшесі, 127А мекенжайында мерекелік концерт өтеді. Басталуы — 15:00.

Медеу ауданында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында мерекелік концерт ұйымдастырылады. Басталуы — 11:00.

Мәдени бағдарламаға қоса, қалада спорттық іс-шаралар да өтіп жатыр.

Тұңғыш Президент саябағында скандинавиялық жүріс бойынша шағын-марафон ұйымдастырылды.

Армия орталық спорт кешенінде Республикалық спорт фестивалі өтіп жатыр, ал ҚФФ және «Динамо» ареналарында Балалар футбол лигасының турнирі жалауын көтерді.

1 қараша күні «Жас Қанат» спорттық-сауықтыру кешенінде өтетін жүзу жарысы мерекенің спорттық бөлігін түйіндейді.

25 және 26 қазанда Жібек жолы көшесінде қолөнершілер мен суретшілердің жәрмеңкесі өтеді. Онда сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылады.

Сондай-ақ, Республика күні – Republic Day мерекесіне орай қаладағы 10 ірі сауда және ойын-сауық орталығында кең ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында: FORUM, Aport Mall East, MEGA Almaty, Moskva Metropolitan, MEGA Park, Mart, Grand Park, Sputnik, Asia Park және «Жаңа Ялян» сауда ойын-сауық кешендері бар.

Аталған алаңдарда мерекелік концерттер, жәрмеңкелер, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өтеді. Сонымен қатар келушілер үшін арнайы жеңілдіктер мен акциялар ұсынылады.