Астанада республика күніне орай 1500-ден астам оқушы «Атамекен» әнін орындады

Республика күніне орай және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында Мемлекеттік рәміздер алаңында ауқымды флешмоб өтті, оған қатысушылар «Атамекен» әнін орындады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға елордалық мектептердің 1500-ден астам оқушысы қатысты.

Флешмоб өскелең ұрпақтың бойында азаматтық бірегейлікті, тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері мен дәстүрлерін құрметтеуді қалыптастыруға бағытталған.

Орындау барысында қатысушылар Қазақстанның жас буынының бірлігі, достығы мен ашықтығының символы – ашық алақан бейнесін жасап, бес қатарға тұрды.

Бұл алақан жылулық пен қолдаудың бейнесіне айналды, өйткені елдің күші жүректердің бірлігінде туады.

Сонымен қатар Астананың барлық мектептерінде осындай флешмобтар өтті, оқушылар «Менің Қазақстаным» акциясын қолдап, патриоттық композицияны орындады.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қазанда Қазақстанда Ұлттық мереке — Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы мерекеге орай, Астанада 150-ге жуық мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар жоспарланған, олардың арасында мерекелік концерттер, көрмелер, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және тағы басқалар бар.