Қазақстанда жыл басынан бері 326,3 мың тонна нан өндірілді

Әлемде жыл сайын 16 қазан Нан күні ретінде аталып өтіледі
Қазақстан астыққа бай, әлемдік нарықта өз орнын бекіткен, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз еткен, нанды аса қадірлейтін әрі нан пісіруде өзіндік дәстүрін қалыптастырған ел. Өткен жылы елімізде 510,1 мың тонна нан, ал ағымдағы жылдың 8 айында – 326,3 мың тонна өндірілген, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
«Өнімнің негізгі бөлігі – бидайдан пісірілген қалыпты нан, үлестік салмағы жалпы ассортименттің шамамен 60% тиесілі. Тұтынушылар сұранысына қарай өнім түрлері жыл сайын көбеюде. Оның қатарында тек нан түрлері ғана емес, сонымен қатар қысқа және ұзақ мерзімге сақталатын тоқаш, ұннан және кондитерлік өнімдер де бар», – делінген хабарламада.
Еліміздің 2021–2030 жылдарға арналған АӨК дамыту тұжырымдамасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Атап айтқанда, жылына 2 мың тоннадан астам қуаты бар нан-тоқаш немесе кондитерлік өнімдер шығаратын кәсіпорындарға инвестициялық шығындардың 25%-ын өтеу түрінде қолдау көрсетіледі.
«Бұдан бөлек, ұн өндірушілер үшін салықтық жеңілдіктер бар. Мысалы, Салық кодексінің 411-бабына сәйкес, бұл саладағы ҚҚС мөлшерлемесі 70%-ға төмендетілген.
Қазақстандағы нан өндірісі ішкі нарықтағы қажеттілікті толық қамтиды.
Әрбір қамыр өнімі диқанның, диірменшінің, нaубайшының және логисттің маңдай терімен келеді.
«Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» жалғасатын тұрақты өндіріс тізбегінің арқасында халқымыз күн сайын сапалы әрі қолжетімді нанмен қамтамасыз етіліп отыр», – деп атап өтті министрлікте.