Қоғам

Облыс әкімі Семей қаласының жаңа әкімін таныстырды

«Қазақстан Республикасының Сайлау туралы» заңына сәйкес 2025 жылдың 14 қазанынан бастап Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев Семей қаласының әкімі болып сайланды

Еліміз бойынша Семей қаласында алғаш рет өткен қала әкімін тікелей сайлау қорытындысында Әділет Қожанбаев 77,1% дауыс жинап, жеңіске жетті. Оның қарсыластары Қаныш Төлеуов 10,8%, Айболат Бекжасаров 8,4% дауыс жинаса, 3,7% адам барлығына қарсы дауыс берген, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін оны қала активіне таныстырды.

Биылдан бастап «Сайлау туралы» заңға сәйкес облыстық маңызы бар қала, аудан әкімдерін халық өзі, тікелей дауыс беру арқылы сайлай алады. 2023 жылы пилоттық режимде өңірімізде Курчатов қаласы мен Абай ауданының әкімі, биыл облысымызда алғашқылардың бірі болып Жаңасемей ауданының әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланған болатын.

Аймақ басшысы қала әкімін тікелей сайлау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың нақты жүзеге асуының айқын көрінісі екенін атап өтті.

«Бұл – еліміздің тарихында алғаш рет өткен облыс орталығы әкімінің сайлауы. Қала және жалпы облыс халқы үшін тарихи сәт деуге толық негіз бар. Президент бастаған реформаның жаңа белесі саналатын еліміздегі тұңғыш облыс орталығы әкімінің сайлауы біздің өңірден басталуы заңдылық деп білеміз. Абайдың елі, Алаштың жері өнер мен білімнің ғана емес, демократияның да сәулесін шашты деп мақтанышпен айта аламыз. Өткен сайлауда қала халқы саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетіп, өз таңдауын жасады.
Семей қаласы – бұл Алаштың астанасы, мәдени пен руханияттың ордасы, тұңғыштар мекені, Мемлекет басшысы атап өткендей, «тарихи орталық» мәртебесіне ие. Өзінің ерекшеліктері мен қордаланып қалған мәселелері де жетерлік. Әділет Нұрсағатұлы тәжірибесі мол, білікті басшы. Сондықтан Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымының жақсаруына және қаланың жалпы көркейіп-гүлденуіне барлық күш-жігеріңізді саласыз деп сенемін. Облыс тарапынан қолдау көрсетеміз», – деді облыс әкімі.

Жиын барысында Семей қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжан Қуанышева Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаевқа әкім куәлігін тапсырды.

Әділет Нұрсағатұлы Көкпекті ауданының Биғаш ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын «Крамдсбанк» акционерлік қоғамының Семей қаласындағы филиалында кредиттік қызметкер ретінде бастаған. Әр жылдары еліміздегі банк құрылымдарында басшылық қызметтер атқарған. Абай облысы құрылған кезден бастап өңірдің қаржы басқармасын басқарды. 2024 жылдың 5 тамызынан осы уақытқа дейін Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button