Абай облысында жолдардың қысқы дайындығы пысықталды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте автомобиль жолдары мен жылыту бекеттерінің қыс мезгіліне дайындық барысы қаралды

Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Есеев, «Қазавтожол» Ұлттық Компаниясы» АҚ Абай облысы филиалының директоры Айбек Әнуарбеков, облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Ақылжан Ақылбеков баяндады, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Абай облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 10228 шақырымды құрайды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 408 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

Жолдарды қыс мезгіліне дайындау шаралары аясында облыстық маңызы бар 3 нысанда құрылыс аяқталған, қалған төртеуінде жұмыс жүріп жатыр.

Қысқы кезеңде жолдарды күтіп ұстау жұмысына 100-ге жуық техника жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда қосымша жеке кәсіпкерлердің техникасы тартылады.

«Қазавтожол» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы Абай облыстық филиалы өңір аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 2176 шақырымына қызмет көрсетеді. Бұл жұмыстарға 308 қызметкер, 107 техника және 22 өндірістік база жұмылдырылған. Жолдардың бойында 22 өндірістік база, 7 жол-пайдалану учаскесі және осынша жол-пайдалану пункті жұмыс істейді.

Қолайсыз ауа райында жолда қалған жолаушыларға көмек көрсету үшін облыс аумағында 121 жылыту бекеті ұйымдастырылған. Олардың жалпы сыйымдылығы – 1120 адам.

Облыс әкімі жиында аудан, қала әкімдеріне жол жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтауды, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалына республикалық жолдардың қысқа дайындығын қамтамасыз етуді, тиісті басқармаларға кезекті бюджетті нақтылау барысында жергілікті бюджеттен жолдарды күтіп ұстауға қажетті қаржыны қарастыруды, жылыту бекеттерінің, техниканың дайындығын бақылауда ұстауды тапсырды.