
Астанадағы Ырыскелді қажы мешіті жанында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қала тұрғындары арасында жүгіру іс-шарасы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты
Сарыарқа ауданында көпшілікке мәлім жүгіру маршрутында қатысушылар 4 және 7,6 шақырым қашықтықты еңсерді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында қазақ халқына төніп тұрған кеселдердің қатарына синтетикалық есірткі мәселесін айтып еді. Ал оған қарсы күрес жүргізу үшін бұқаралық спортты дамытып, жүгіру сынды спорттық шараларды өткізе беру қажет. Біріншіден, спорт арқылы адам өз бойында имминутитетті қалыптастырады. Екіншіден, осындай ортада дені сау, уақытын тиімді жұмсайтын жаңа достарды табуға жақсы мүмкіндік. Алдағы уақытта спорттық мерекелерді ұйымдастыра береміз деген сенімдемін», – деді Астана қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм.
Спорттық іс-шарада мәреге жеткен барлық қатысушыға арнайы естелік медаль беріліп, лотерея арқылы түрлі сыйлықтар ойнатылды.
Айта кетейік, жүгіру кезінде көліктерге ешқандай шектеу қойылмай, қала тұрғындары мегаполистің көрікті жері саналатын Есіл өзенінің бойын жағалап өтті.