Абай облысында үшінші ЖЭО салу мәселесі талқыланды

Облыс әкімі Берік Уәли «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовпен кездесті. Кездесуде Семей қаласында үшінші жылу электр орталығын салу жобасы талқыланды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жоба аясында «Таза көмір» технологиясын қолданатын, электр қуаты 360 МВт, жылу қуаты 1000 Гкал болатын жаңа станция салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жер телімдері рәсімделіп, техникалық шарттар алынған. Эскиздік жобасы да келісілген.

Жалпы, Семей қаласында қазіргі таңда жылу энергиясының тапшылығы 147 Гкал/сағ құрап отыр. Бұл жаңа көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың құрылысына кедергі келтіруде. Ал жаз айларында қала тұрғындары ыстық сумен қамтылмай отыр.

«Президенттің тапсырмасымен Семей қаласында салынатын үшінші жылу электр орталығы Үкіметтің қадағалауындағы мәселе. Облыс орталығының оң жағалауында жылу тапшылығы бар. Осыған байланысты ескірген әрі тиімсіз қазандықтарды жабу, қазіргі жылу энергиясы тапшылығын жою, сондай-ақ жаңа энергия қуаттарын құру мәселесі айрықша маңызға ие. Облыс әкімдігі өз тарапынан ЖЭО-3 құрылысын уақтылы әрі сапалы іске асыру үшін жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуге дайын» деді аймақ басшысы.