«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы: полиция қауіпсіздік шаралары туралы айтты

Алматыда полиция футбол матчы кезінде қауіпсіздік шаралары туралы айтты
«Қайрат» пен «Реал Мадрид» командалары арасындағы халықаралық футбол матчының қарсаңында Алматы қаласының полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдады, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Олардың міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, жанкүйерлер мен матчқа қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жол қозғалысын реттеу.
Жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Орталық стадион маңында көлік қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін, сондықтан қала тұрғындарынан бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз.
– Сонымен қатар біз барлық жанкүйерлер мен қала тұрғындарын алаяқтықтың алдын алу мақсатында күмәнді интернет-платформалардан және «қолма-қол» сатылымнан билет сатып алудан бас тартуға шақырамыз. Алматы полициясы спорт мерекесінің қауіпсіз әрі жайлы өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарына ғана емес, әр жанкүйердің саналы әрекетіне де байланысты. Қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, полициямен ынтымақтастықта болуларыңызды сұраймыз. Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті сақтау, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.