Қоғам

«Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны: полиция билет сатып алу кезінде сақ болуға шақырады

Полиция «Қайрат» – «Реал Мадрид» футбол матчы билеттерін сатып алу кезінде алаяқтық қаупі туралы ескертеді

Алматы қаласының полициясы ең кең таралған алаяқтық тізбегін түсіндіретін әлеуметтік бейнеролик дайындады. Тәжірибе көрсеткендей, ірі спорттық және мәдени іс-шаралар кезінде интернет арқылы жалған билеттер ұсынатын алаяқтар белсенді әрекетке көшеді, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Полиция азаматтарға билеттерді тек ресми кассалардан және лицензиясы бар таратушылардан сатып алуды ұсынады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алдын ала төлемді талап ететін күмәнді ұсыныстар сатып алушыларды алаңдатуы тиіс.

– Қала тұрғындары мен қонақтарына ескертеміз: алдағы матчқа қызығушылықтың артуымен қатар, алаяқтық тізбектердің қаупі де жоғарылайды. Еш жағдайда билетті қолдан немесе тексерілмеген интернет-платформалардан сатып алмаңыз. Күмән туған жағдайда ресми дистрибьютор кассасына жүгініңіз. Бұл – өзіңізді және қаражатыңызды қорғаудың жалғыз жолы. Біздің мақсатымыз – киберқылмыстарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу. Сол себепті біз әлеуметтік бейнероликтер мен БАҚ арқылы белсенді түрде профилактикалық жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді, Алматы қалалық ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.

Полиция күмәнді хабарландырулар мен алаяқтық деректері анықталған жағдайда бірден «102» нөміріне хабарлау қажет екенін еске салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button