Жаз, жағажай… және паразиттер: суда көрінбейтін қауіп бар ма?

Шілденің шіліңгірінде суға түсу — жазғы демалыстың ажырамас бөлігіне айналды. Ел бойынша мыңдаған адам көлге, өзенге, тоғанға шомылып, табиғи су көзінің тұнықтығы мен салқындығынан басқа не жасырын болуы мүмкін екенін ескере бермейді.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы Паразитология зертханасының меңгерушісі Зарина Читимованың айтуынша, табиғи су көздерінде паразиттер және микробтар жиналуы мүмкін. Әсіресе лайлы, тоқтау суда және ауыл шаруашылығы алқаптары мен мал жайылатын орындарға жақын орналасқан аймақтарда мұндай қауіп жоғары.
«Паразиттер су ішінде ғана емес, балшықта, су өсімдіктерінде де тіршілік ете алады. Таза көрінген су — әрдайым қауіпсіз деген сөз емес», — дейді маман.
Маманның айтуынша, кейбір паразиттер суда ұзақ уақыт өмір сүруге бейім. Әсіресе жылы әрі тоқтау ортада тіршілік етуіне байланысты олар төзімді болады. Мұндай ағзалар суға тұрмыстық қалдықтармен, жағалаудағы топырақ арқылы немесе суатқа еркін кіретін жануарлар арқылы түсуі мүмкін.
Шомылатын орынды қалай таңдаған дұрыс?
Су айдынының санитариялық жағдайын көзбен анықтау мүмкін емес. Дегенмен, мынадай белгілерге назар аудару артық етпейді:
– лайлы немесе тоқтау су;
– қалың өскен су өсімдіктері;
– балшық, су түбінің жұмсақтығы;
– мал жайылатын жерлерге, шаруа қожалықтарына, кәріз жүйесіне жақындығы;
– жағалаудың күтімсіз, қоқысқа толы болуы.
Бұл белгілер судың нақты қауіпті екенін дәлелдемейді, бірақ биологиялық ластануға күмән тудыруы мүмкін.
Суды зертханалық жолмен қалай тексеруге болады?
Судың шынайы жағдайына тек зертханалық талдау арқылы көз жеткізуге болады. Референс-зертханада су сынамалары паразитологиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бойынша зерттеледі. Қолданылатын әдістер қатарында паразитологиялық, бактериологиялық және молекулярлық талдаулар бар. Бұл тәсілдер тіпті көзге көрінбейтін ластану формаларын анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, шомылуға рұқсат беру немесе тыйым салу жөнінде қорытындыны тек санитариялық-эпидемиологиялық органдар береді. Зертхана тек зертханалық-диагностикалық деректермен қамтамасыз етеді.
Есте жүретін жайт
Жазғы демалыс сергектік пен қуаныш сыйлауы керек. Бұрын біз жағажайды көлеңке мен жататын орынның болуына қарап таңдасақ, қазір экологиялық қауіпсіздік те назарда болуы тиіс. Қауіпсіздік — әр нәрсден қорқу емес, өзіңізге деген жауапкершілік пен білімнің көрінісі.
Жағажай — тек сүлгі мен күннен қорғайтын крем ғана емес. Ол — қай жерде, қалай және қаншалықты суға ден беріп түсетініңізді анықтайтын таңдау.