Жоғары білікті IT-мамандарын Қазақстанда жұмыс істеуге тарту жалғасуда

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысы барысында жоғары білікті IT-мамандары үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Ukimet телеграм арнасы.
Ол жоғары білікті IT-мамандары үшін Қазақстанның тартымдылығын арттыру және олардың еліміздің экожүйесіне интеграциялануы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa бағдарламалары іске қосылғанын атап өтті.
Бірінші бағдарлама тұруға ықтиярхатты толығымен онлайн-форматта алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін бұл үшін елімізге өз аяғымен келуі, ЖСН мен электрондық цифрлық қолтаңба алуы және кірісін растауы талап етілетін. Бүгінде бұл процесс толықтай қашықтан жүзеге асатын болды. Өтініш беру astanahub.com және egov.kz сайттары арқылы жүзеге асырылады. ЖСН мен ЭЦҚ-ны шетелдік мекемелер арқылы да рәсімдеуге болады, кірісті растау енді талап етілмейді. Бұл шетелдік ІТ-мамандардың кіруін және заңдастыру мәселелерін айтарлықтай жеңілдетті.
Екінші бағдарлама – цифрлық көшпенділерге арналған мамандандырылған виза. Бағдарлама Қазақстанда өз мамандығы бойынша 1 жыл мерзімде жұмыс істеуге және елде әрі қарай тұруға ыхтиярхат алуға мүмкіндік береді. Ол онлайн рәсімделеді және ел аумағында алғаш рет цифрлық көшпенділердің еңбек қызметін заңдастырып отыр.
Бүгінде бағдарламаға қатысуға 204 өтінім түсті. Алжир мен Ботсван азаматтарына алғашқы 2 виза берілді.
«Бұл бағдарламалар – цифрлық таланттарды тартуға бағытталған заманауи және технологиялық көші-қон саясатын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді Жаслан Мәдиев.