2025 жылы Қазақстанға 7,5 млн-нан астам шетелдік келді

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 7,5 млн-нан астам шетелдік келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың адамға көп, ал елімізден шығып кеткендердің санынан 300 мың адамға артық
Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов хабарлады, деп мәлімдейді Ukimet телеграм арнасы.
Келушілердің түгелге дерлігі, яғни 90%-ы Тәуелсіз мемелекеттер достастығы елдерінің азаматтары. Ең көбі Өзбекістан (2,8 млн), Қырғыстан (1,7 млн) және Ресейден (1,5 млн).
Бүгінгі таңда елімізде 212 мың шетел азаматы тұрақты тіркелген. Соңғы үш жылда олардың саны айтарлықтай көбейген – 42%. Егер 2022 жылы олардың саны 148 мың болса, 2025 жылы 212 мыңға жетті. Осы өзге елдің азаматтарының ең көбі Алматы қаласында (42 мың), Алматы облысында (32 мың) және Астана қаласы мен Қарағанды облысында (17 мыңнан) тұрып жатыр.
Қазіргі таңда 87 мемлекеттің азаматтары елімізге визасыз кіре алады, бұл олардың сапарын жеңілдете түседі. Одан бөлек, 107 елдің азаматтарына электрондық виза қолжетімді. Соңғы уақытта 9 мыңнан астам электронды виза беріліп, 270 млн теңге жиналды.