Семей қаласында 52 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Облыс әкімі Семей қаласын аралау барысында Юность кентінің 14-тұйық көшесінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл учаскеде асфальт жабындысы толық жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл Семей қаласында 50-ден астам көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы – 43 шақырым.

Жол жөндеуші «Гордорстрой» ЖШС мекемесі қаладағы 9 көшені орташа жөндеу жұмыстарына қатысуда.

«Қазіргі уақытта Юность кентінде 3 көшені асфальттап жатырмыз. Өздеріңіз көріп тұрған көшенің 800 метр болатын учаскесіне 6 сантиметр қалыңдықта бірінші қабат асфальт төселді. Жақын күндері қосымша тағы бір қабат жамылғы төсейміз. Жұмысты белгіленген мерзімде, сапалы жүргізіп жатырмыз», – деді «Гордорстрой» ЖШС директоры Бауыржан Қайрамбаев.

Аймақ басшысы мердігерлерге жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

«Биыл Семей қаласында 52 көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Соның 36-сы бұрын-соңды асфальт төселмеген көшелер. Келер жылы осындай көшелердің санын екі есеге көбейтеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы екі-үш жылда кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады» деді облыс әкімі.