Астанада «Болашақ Ойындары 2025» турниріне қатысатын командаларды іріктеу өтеді

Қазақстанның Киберспорт федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен желтоқсан айында Абу-Даби қаласында өтетін «Болашақ Ойындары 2025» халықаралық фиджитал турниріне Қазақстан тарапынан қатысатын командаларын іріктеу жарысын өткізеді. Іріктеу 21-27 шілде күндері өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты
Road to Abu Dhabi іріктеу турниріне қатысу үшін барлық ниет білдірген командалар 18 шілдеге дейін тіркеуден өтуі тиіс. Жарыстар фиджитал форматта – яғни кибер және дәстүрлі спортты біріктіретін екі спорт түрі бойынша ұйымдастырылады: фиджитал футбол және фиджитал баскетбол. Іріктеуге қатысатын спортшылар 18 жасқа толған болуы міндетті.
Іріктеу додасының финалы Астана қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Жеңімпаздар Қазақстанды халықаралық аренада танытуға мүмкіндік алып, Абу-Дабиде өтетін «Болашақ Ойындары 2025» фиджитал концепциясындағы көпсалалы халықаралық турнирінде бақ сынайды.
Командаларды тіркеу келесі сілтемелер арқылы:
Фиджитал баскетбол: https://forms.gle/WebvB2CVasEj5EeS8;
Фиджитал футбол: https://forms.gle/QsMfRb2ZfEREvyH29 .
Қатысушылар үшін қосымша ақпарат: жолақы, тұру және тамақтану шығындары спортшылардың өз есебінен жүзеге асырылады.
Фиджитал спорттың тұжырымдамасындағы «Болашақ ойындары» (Games of the Future) халықаралық мультиспорттық турнир алғаш рет 2024 жылы Қазан қаласында өтті. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқа мемлекет басшыларымен бірге қатысты. Дәл осы шара барысында Мемлекет басшысы турнирді алдағы уақытта Қазақстанда өткізу туралы бастама көтерген еді.
Айта кетейік, Games of the Future 2026 турнирі 2026 жылы Астана қаласында өтеді, іс-шараға 100-ге жуық мемлекеттің спортшылары қатысады деп жоспарланып отыр.