БастыҚоғам

Алматыда Қала күніне орай Backstreet Boys тобының концерті өтеді

Бұл жайында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері мен еліміздегі айтулы іс-шара ұйымдастырушылары баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Әлемге әйгілі Дженнифер Лопестің ғажайып кешінің ізін ала, Алматыда тағы бір тарихи сәт орын алады. Атақты Backstreet Boys тобы Қала күніне орай жанкүйерлерімен жүздесіп, әуезді ән сыйлап, алматылықтарды мерекемен құттықтайды.

«Қала күні мерекесінде алматылықтар мен қонақтарға арнап мазмұнды мәдени бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Тұрғындар мен туристер түрлі қызықты жобаларға, фестивальдер, жәрмеңкелер мен мерекелік іс-шараларға куә болады. Ал Backstreet Boys концертіне келсек, ол 19 қыркүйек күні Орталық стадионда өтеді. Бұл олардың әлемдік гастролінің жалғасы емес, арнайы қазақ жеріндегі тыңдармандарына арналған жеке кеш болмақ. Жалпы аташты топ ТМД елдерінде концерт беруді жоспарламайды, сондықтан бұл нағыз эксклюзив кеш», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Арман Халбеков.

Кеш барысында топтың I Want It That Way, Everybody (Backstreet’s Back), As Long As You Love Me, Show Me The Meaning of Being Lonely, Shape of My Heart сынды атақты хиттері және соңғы шыққан туындылары шырқалмақ. Концертке билеттер бағасы 40 мың теңгеден басталатын болады. Билеттерді 14 шілде сағат 11:00-ден бастап сатып алу мүмкіндігі бар.

Концертті Қазақстандағы шоу-бизнес саласындағы мақтаулы компаниялардың бірі First Media Group ұйымдастырады. Бұл ұжым сан мәрте әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың концертін өткізіп, еліміздің ең ірі сахнасында талай ауқымды жобаларды сәтті жүзеге асырған. Мерекелік кеш Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

«Backstreet Boys секілді атақты артистерді Қазақстанға шақырып, ел тарихына алтын әріппен жазылар кеш ұйымдастыру біз үшін зор абырой. Алматының әлем жұлдыздары жиналатын сахнаға айналып келе жатқанына ерекше қуаныштымыз. Осы сәтті көрермендерімізбен бөлісу – біз үшін үлкен мәртебе», – деді First Media Group басқарушы директоры Альфия Нұрғұмарова.

Ұйымдастырушылар шоу сапасының жоғары болуына әрі қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді болуына баса мән берген. Билет бағасы көпшіліктің осы тарихи кешке куә болуына мүмкіндік береді.

Концерттің бас серіктесі Halyk өзінің kino.kz сервисін ұсынып отыр. Концертке билетті дәл осы платформа арқылы сатып алуға болады. Halyk қосымшасының пайдаланушылары Visa картасы арқылы төлем жасап, билетті 14 шілде сағат 11:00-де, яғни бір күн бұрын сатып ала алады. Ал 15 шілдеден бастап билеттер kino.kz сайтында барлық жанкүйерге Алматы уақытымен сағат 11:00-де қолжетімді болады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 50 Cent, Akon, Lara Fabian, Nicole Scherzinger, Ne-Yo, Tarkan, Arash, Blue, C.C. Catch, Jason Derulo, Scorpions сынды әлемдік жұлдыздар өнер көрсеткен болатын.

2025 жылдың соңына дейін қалада Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys-пен қатар, Thirty Seconds to Mars, The Rasmus, Sabaton секілді әйгілі топтардың кештері де өтеді деп жоспарланып отыр.

Жалпы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматыда 160-тан астам ірі мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 800 мыңнан астам көрерменді қамтыған екен. Бұл көрсеткіштер қаланың мәдени өміріне деген зор қызығушылықты және оның өңірдегі ең маңызды мәдени әрі туристік орталық ретіндегі беделін айшықтай түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button