Саябаққа ең жиі баратын қазақстандықтар қайда тұрады?

Қазақстанда 251 ойын-сауық және демалыс саябағы жұмыс істейді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлайды.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 251 ойын-сауық және демалыс саябағы жұмыс істеген, бір жылда олардың саны 9,1% артты.
Өңірлер бөлінісінде демалыс орындарының ең көп саны Түркістан облысында (32 бірлік), Шымкент қаласында (29 бірлік) және Қарағанды облысында (28 бірлік).
2024 жылы ойын-сауық және демалыс саябақтарына 15,5 млн адам барған. Барушылар санының ең көбі Астана (3,2 млн келу), Шымкент (2,7 млн келу) және Алматы (2,5 млн келу) қалаларында байқалған», – делінген хабарламада.
Меншік нысаны бойынша демалыс саябақтарының 29%-ы мемлекеттік меншікте, 69,3%-ы жеке меншікте және 1,5%-ы шетелдік меншікте.
Демалыс орындарының 131 ашық аспан астында, 120 орын ғимарат ішінде орналасқан. Ауылдық жерлерде 51 ойын-сауық және демалыс орны жұмыс істейді, бұл жалпы көрсеткіштің – 19,1%.
Демалыс орындарында аттракциондар мен ойын автоматтары түріндегі сауық құруға арналған 3 923 нысан бар.