Дзюдодан Будапештегі әлем чемпионаты Қазақстан үшін тарихи нәтижемен есте қалады

Мажарстан астанасы Будапештте ересектер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи күміс медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 11-орынға ие болды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
«Чемпионаттың бірінші күні 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшы Әбиба Әбужақынова финалға шығып, әйелдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында ақтын сынға шыққан алғашқы қазақстандық атанды. Шешуші белдесуде ол былтырғы әлем чемпионатының финалисі, италиялық Ассунта Скуттоға (Assunta Scutto) есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл күміс медаль – Әбужақынованың әлем чемпионаттарындағы үшінші жүлдесі. Бұған дейін ол 2022 және 2024 жылдары қола медаль иеленген еді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ұлттық құрама сапындағы Мағжан Шамшадин (-60 кг) мен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (-66 кг) ширек финалға жетіп, 7-сатыға табан тіреді.
Соңғы бес әлем чемпионатындағы дзюдо бойынша Қазақстан құрамасының нәтижелері:
- 2024 жылы Абу-Даби – 1 қола (Абиба Абужақынова) жалпы есепте 17-орын;
- 2023 жылы Доха жүлде алмады;
- 2022 жылы Ташкент – 2 қола (Елдос Сметов, Абиба Абужақынова) жалпы есепте 15-орын;
- 2021 жылы Будапешт – 1 күміс (Ғұсман Қырғызбаев) жалпы есепте 14-орын;
- 2019 жылы Токио – 1 қола (Елдос Сметов) жалпы есепте 18-орын.
Еске сала кетейік, биыл әлем чемпионатына 93 мемлекеттен 556 таңдаулы дзюдошы қатысты. Жалпы есепте Жапония құрамасы 6 алтын, 4 күміс және 4 қоламен топ жарды.
2-орын: Халықаралық дзюдо федерациясының командасы (3 алтын, 2 қола)
3-орын: Италия (2 алтын).