
Бүгін Абай облысының мектептерінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты шаралар өтуде. Биыл өңірде 100 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. 5478 оқушы 11 сыныпты бітіріп, жаңа өмірге жолдама алады. Оның 362-сі – «Алтын белгіге» үміткер, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы 100 жылдан астам тарихы бар Шәкәрім атындағы N5 гимназияда өткен салтанатты шараға қатысып, өңірдегі мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар мен ата-аналарды мерейлі мезетпен құттықтады. Бұл мектеп биыл Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Үздік 100 мектептің» қатарына енді. Аймақ басшысы жоғары марапатты мектеп ұжымына табыс етті. Облыс әкімі өз сөзінде бұл күн білім мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаздар үшін де, жаңа өмірге аяқ басқалы тұрған оқушылар үшін де толқынысты сәт екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деп атап көрсеткен болатын. Бүгінгі жас ұрпақ – болашақ Қазақстанның негізін қалайтын буын. Сендер – елге еңбек ететін, ұлттың дамуына үлес қосатын, адам капиталын қалыптастыратын ұрпақсыңдар. Сендер Абайдай дананы туған, алаш арыстары елдік туын көтерген топырақтың перзентісіңдер. Сол асыл қасиеттер сендердің бойларыңнан табылатынына да сенемін. Бұл мақтаныш қана емес, үлкен аманат. Сіздерге білім сапарында ақ жол тілеймін», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы ұстаздарға да алғысын білдіріп, қоғамдағы мұғалім беделін көтеру мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
«Сіздер күн сайын пән оқытып қана қоймай, әр балаға бағыт бересіздер. Сөзбен де, іспен де өнеге көрсетесіздер. Ел болып қолға алған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» да осы мақсатты көздейді. Бұл тек білімді емес, адамгершілігі жоғары, жауапкершілік сезімі қалыптасқан тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Ұстаздық – атақ үшін емес, ұлт үшін жасалатын қызмет. Қоғамда мұғалім беделі артып келеді. Сондықтан бұл жолда сіздерге шын жүректен алғыс айтамын!», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы салтанатты шарадан соң мектептің атаулы кабинеттерін аралап, музейді көріп, олимпиада жүлдегерлерімен, үздік оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесті.