Спорт

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылынан басталған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті. Таңғы сағат 07:00-де жорықты жалғаған 6 команда Қонаев қаласында мәре сызығын кесті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Биылғы жарыстың жалпы қорытындысы бойынша Астана қаласының командасы 5 күнге созылған 500 шақырымды еңсеріп, халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жеңімпазы атанды. Жеңіс тұлпарлары – Қостанай жылқы тұқымының өкілдері.

Күміс жүлдені Қырғызстанның бірінші командасы еншілесе, үздік үштікті Ұлытау облысының шабандоздары түйіндеді.

«Астана атынан жарысқа шыққан тұлпарлар – Қостанай жылқысы. Қазақтың қазанаты аспандай берсін! Бізді қолдаған жанашырларға, команда мүшелеріне және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясына алғысымыз шексіз. Арманымыз – бес жылқының бірдей мәреге жетуі еді. Бұйыртса, келесі жарыстарда сол межеге де жетеміз деген үміттеміз», – деді Астана командасының жетекшісі Алтай Бимен.

Айта кетейік, биылғы жорықтың қашықтығы – 500 шақырым. Бағыт Алматы облысының аумағын қамтыды. Бәйгені бастап шыққан 19 команданың ішінен тек 5 команда ғана мәреге жетті.

Ауқымды дода биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Соңғы екі жылда бұл марафон халықаралық мәртебеге ие болып, Ұлы даланың рухын әлемге паш етуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button