БастыҚоғам

Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен орын алады – ІІМ

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиында сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, буллингтің алдын алу және балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру шаралары қаралды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Кеңес барысында балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған мемлекеттік органдар қабылдап жатқан жүйелі шаралар талқыланды. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуге, профилактикалық жұмысты жандандыруға және балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған заңнамалық әрі институционалдық өзгерістерге баса назар аударылды.

«Әкімдіктер бұл жұмысқа белсенді араласуы тиіс. Ата-аналармен және ұстаздармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектеп және медицина психологтарымен тығыз байланыс орнатуы қажет. Сонымен қатар жазғы сауықтыру маусымына дайындықты үнемі бақылауда ұстау керек. Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер институтымен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Оның қызметі тек әрекет етуге емес, алдын алуға да бағытталуы тиіс. Біз балалардың өміріне қауіп төнуіне жол бере алмаймыз, барлық уәкілетті органдар алдын ала әрекет етуі қажет», — деді Ермек Көшербаев.

Балалардың жазғы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар аясында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Буллинг үшін және 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен күштеп түсіру жағдайларына байланысты әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 58 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде балаларды заңсыз әрекеттерге тарту белгілері бар 11 арна бұғатталды.

«Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен орын алады. Сондықтан біз балаларды тасымалдайтын барлық автобустарды тексеруді күшейттік. Қажет болған жағдайда полиция бір автобусты да жол бойы ілесіп жүруге дайын», — деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Әкімдіктерге балалар ойнайтын спорттық алаңдардың қауіпсіздігі, жарақтандырылуы мен жарамдылығы бойынша тексеріс жүргізу тапсырылды. Аудан және ауыл әкімдері бұл бағытта тікелей жауапты болады. Сонымен бірге пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) мен мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) арқылы тұрғындарға терезелерге арнайы қорғаныс бекіткіштерін орнату қажеттігі түсіндірілуі тиіс, бұл балалардың терезеден құлап кету жағдайларының алдын алуға бағытталған.

Ермек Көшербаев ерекше білім беру қажеттіліктері бар, мүмкіндігі шектеулі балалардың, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жазғы демалысқа толықтай қамтылуы маңызды екенін айтты. Осы мақсатта өңірлер арасында ынтымақтастық ұйымдастырылады: балалар киелі жерлер мен тарихи орындарға саяхаттап, түрлі шығармашылық және танымдық жазғы жобаларға қатысады. Бұл ретте балалардың өмірі мен денсаулығы жолда да, демалыс орнында да толықтай қорғалады.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер барлық уәкілетті мемлекеттік органдарға ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, жазғы кезеңге жоспарланған шаралардың орындалуын қатаң бақылауды және балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңартылған кешенді жоспарды Үкіметке ұсынуды тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button