Қоғам

Бірлік күніне орай елордада тағылымды кездесулер өтті

Астана қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған «Бейбітшілік – ел тілегі» атты мазмұны терең, тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар топтамасы өтті. Шара Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен жүзеге асырылды

Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен келісімді, ел ішіндегі тұрақтылықты дәріптейтін маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі. Бұл күн – сан ұлттың татулығы мен достығын айғақтайтын символдық дата. Осыған орай елордада бірлік, мәдени саналуандық пен азаматтық келісім құндылықтарын жастар санасына сіңіруге бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді.

Аталған жобалар аясында елорданың түрлі білім беру мекемелерінде танымдық кездесулер ұйымдастырылды. Бұл кездесулердің мақсаты – жас ұрпақтың бойында рухани дүниені байытып, мемлекеттік мерекенің тарихи және идеологиялық маңызын терең түсіндіру, елдік сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.

Солардың бірі – Астана қаласындағы №30 мектепте өткен мазмұнды кездесу болды. Оқушылар Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатовпен жүздесіп, ел ішіндегі татулықтың, достық пен өзара құрметтің қоғамдағы рөлі туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Шара ашық диалог форматында өтіп, жастар ортақ құндылықтар мен ұлттық бірлік туралы ойларымен бөлісті.

Танымдық кездесулер легі Астана қаласы әкімдігінің «Жоғары көлік және коммуникация колледжінде» жалғасын тапты. Бұл оқу орнында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық университетінің доценті Владимир Шнайдер қатысып, студенттермен сұхбат құрды. Кездесу барысында қатысушыларға 1 мамыр мерекесінің тарихи-әлеуметтік маңызы жан-жақты түсіндіріліп, қоғамдағы келісімнің негіздері мен мемлекеттік тілдің орны жайлы мазмұнды пікірлер айтылды. Қазақ тілінің қазіргі жағдайы мен оның қолданылу аясын кеңейту қажеттілігі де назардан тыс қалмады.

Жастармен өткен бұл ашық кездесулер еркін пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Студенттер мемлекеттік тіл, білім беру, қоғамдық келісім секілді тақырыптарға қатысты сауалдарын қойып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік алды.

«Бейбітшілік – ел тілегі» жобасы аясындағы тағы бір елеулі шара – «Қазақша куиз» интеллектуалды сайысы болды. Бұл тартысты сайысқа елорданың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен ұстаздары қатысты. Бұрын мекемелер арасында өткізіліп келген бұл сайыс биыл алғаш рет жастарға бейімделіп, жаңа форматта ұйымдастырылды. Алдағы уақытта аталмыш сайысты жастар арасында тұрақты өткізу дәстүрге айналмақ.

Интеллектуалды бәсекенің басты ерекшелігі – әр команда құрамында өзге этнос өкілдерінің болуы. Сайыс бес кезеңнен тұрды. Қатысушыларға әртүрлі тақырыптағы сұрақтар қойылып, бір минут ішінде жауап беру талап етілді. Бұл кезеңдерде қатысушылардың терең білімінен бөлек, тапқырлығы, шапшаңдығы мен ұйымшылдығы сынға түсті.

Нәтижесінде жүлделі орындарды келесі командалар иеленді:

І орын – «Жерұйық» командасы, Сервис және туризм колледжі

ІІ орын – «Қошке жастары» командасы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ІІІ орын – «Ынтымақ» командасы, Жоғары көлік және коммуникация колледжі

«Қазақша куиз» сайысы елорда жастарының зияткерлік әлеуетін арттырумен қатар, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, ортақ құндылықтарды ұлықтауға жол ашты. Бұл – білім мен бірлік тоғысқан, тағылымы терең әрі тәрбиелік мәні жоғары жоба ретінде ел есінде қалды.

Жалпы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан мұндай мазмұнды кездесулер мен жобалар – жастардың азаматтық позициясын айқындауға, отансүйгіштік рухын қалыптастыруға, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға және қоғамдағы келісім мен татулықты дәріптеуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button