Алакөл жағалауы қалай және қандай бағытта дамытылады?

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Алакөл көлінің туристік әлеуетін арттыру бойынша кеңес өтті. Жиында туристік маусымға дайындық және көл жағалауының инфрақұрылымын жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кеңесте облыстық Туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Қабақов пен Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин баяндама жасады.

Қазіргі таңда Алакөлде 211 демалыс базасы бар. Жалпы сыйымдылығы – 15 мың адам. Жағалауда 50-ден астам қоғамдық тамақтану орындары, дүкендер, дәріханалар және автовокзал жұмыс істейді. Туристердің қауіпсіздігі үшін 116 бейнекамера қойылған.

Бірқатар мәселелер де бар. Қайықтарға арналған айлақ салу қажеттігі туындап отыр. Арбат алаңы, субұрқақтар жаңартуды қажет етеді. Жағалауда киім ауыстыратын кабиналар мен қоқыс контейнерлері жеткіліксіз. Қатты және сұйық қалдықтарды шығару мәселесі де өзекті. Қазіргі уақытта жаңа полигон мен тазарту қондырғыларын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Демалыс аймағын электрмен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұр. Қолданыстағы трансформаторлардың қуаты төмен. Жиында жоғары кернеулі жаңа желілер салу, қосымша қуат көздерін іске қосу, «Семей – Жалаңашкөл» бағытындағы вагондардың санын ұлғайту, арнайы туристік сайт ашу туралы ұсыныстар айтылды. Жағалаудағы көшелерді жарықтандыру, балаларға арналған ойын алаңдарын салу мәселесі көтерілді.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру бойынша үш жылдық бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Өңірдің тарихи, киелі орындарын қамтитын туристік маршрут дайындау қажеттігін айтты.

«Мемлекет басшысы еліміздің туризм саласына әрдайым көңіл бөледі. Үкімет тарапынан осы секторды қолдау үшін тиісті бағдарламалар қабылданған. Облысымызда туризмді өркендету үшін арнайы басқарма құрдық. Алға қойған мақсатымыз – Алакөл жағалауын дамыту. Алакөл – облысымыздың айнасы. Өңіріміздегі туристер ең көп баратын орын. Сондықтан бұл курортты аймаққа айрықша мән беруіміз керек. Мұнда келетін туристерге қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Біз көлдің бас жоспарын қайта қарап, тиісті шараларды қолға аламыз. Көл жағалауының инфрақұрылымын жақсартуға шет елдік инвесторларды тартуды да жоспарлап отырмыз», – деді аймақ басшысы.