Қазақстандық музыка әлеуметтік желілерге оралды: тиісті келісімге қол қойылды

ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік комитетінің төрағасы Шолпан Әбдірееваның айтуынша, ведомство бұл жерде әңгіме тек заң тетіктерінде ғана емес екенін түсінді. Бұл қазақстандық авторлар, орындаушылар және құқық иеленушілердің мүдделерін қорғау маңызы мәселесі болды. Әділет министрлігінің алдында музыкалық шығармаларды цифрлық ортада пайдаланудың заңдылығын қамтамасыз ету міндеті тұрды.
«Біз мүдделі тараптармен келіссөздер процесіне қатыстық. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қатысуымен шетелдік әріптестермен және қазақстандық ұжымдық ұйымдармен келіссөздер жүргізілді. Келіссөздердің мақсаты – қазақстандық музыканы әлеуметтік желілерге қайтару. Әділет министрлігі Мeta платформасы мен ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдары арасында байланыс қызметін атқарды. Атап айтқанда, келіссөздер жүргізіп, заңнама нормаларын түсіндірдік. Мeta-мен бірнеше онлайн кездесу ұйымдастырылды. Тұрақты негізде тек Meta-мен ғана емес, сонымен бірге ұжымдық басқару ұйымдарымен де телефон арқылы келіссөздер жүргізілді. Мeta мен біздің ұйымдар диалогқа ашық екендерін көрсетіп, Әділет министрлігінің ұсынысына жедел жауап бергендеріне қуаныштымыз. Бүгінде Мeta мен Қазақстандық авторлар қоғамы арасында осындай шартқа қол қойылғанын қуана хабарлаймыз. Instagram және Facebook-те қазақстандық авторлар мен орындаушылардың музыкалық шығармаларын пайдалануды реттейтін уағдаластыққа қол жеткізілді. Музыкалық контент өткен аптада әлеуметтік желілерге қайтарыла бастады», – деді спикер.
Зияткерлік меншік комитетінің басшысы шарттың екі тарапы да сындарлы көзқарас танытқанын атап өтті. Meta компаниясы бірінші кезекте авторлық құқықты сақтауға және қазақстандық авторлар мен құқық иеленушілердің мүдделерін құрметтеуге дайын екендігін растады. Сонымен қатар ол мемлекеттік және кәсіби институттармен серіктестік орнатуға деген ұмтылысын көрсетті. Ал Қазақстандық авторлық қоғам осы диалогта кәсіби көзқарасты қамтамасыз ете алды және уағдаластыққа қол жеткізуге үлес қосты.
Спикердің айтуынша, бұл жағдай мемлекеттік институттар, құқық иеленушілер, халықаралық компаниялардың күрделі мәселелерді заң, құрмет, ашық диалог негізінде бірлесіп шешуге дайындығын көрсетті.
«Біздің ойымызша, бұл – цифрлық ортада құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды қадам және жаһандық компаниялардың ұлттық институттармен сындарлы жұмыс істей алуының мысалы. Қазақстан зияткерлік меншікті қорғауға үлкен мән береді. Біздің республика зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мәселелерін ұлттық қауіпсіздіктің бөлігі және креативті экономиканы дамытудың негізі ретінде қарастырады. Авторларды қолдау, олардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру – мемлекет жүйелі және дәйекті жүргізіп отырған жұмыс», – деп толықтырды Шолпан Әбдіреева.