
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асыру барысында «БЖЗҚ» АҚ 9,30 млн аса АҚШ долларына 83 937 өтініш орындады
Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 5,37 млн астам АҚШ долларына 48 626 өтініш, білім алу ақысын төлеу үшін шамамен 3,93 млн АҚШ долларына 35 311 өтініш орындалды. Бұл туралы «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы, ақшаның пайдаланылмаған қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қала береді.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту аясында қазақстандықтар қаржыларын көбінесе мынадай мақсатта пайдаланды: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (5,24 млн жуық АҚШ долларына 47 358 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 42,48 мың АҚШ долларына 398 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – шамамен 35,71 мың АҚШ долларына 345 өтініш.
Білім алу ақысын төлеу бойынша ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (3,42 млн АҚШ долларына 30 521 өтініш орындалды), білім алу үшін жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім алу жинақтау салымын толықтыру (383,60 мың АҚШ долларына 3 616 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының оқыту қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (106,04 мың АҚШ долларына 1 015 өтініш орындалды).
Атап өтсек, биыл еліміздің азаматы болып есептелетін барлық балаларға Қазақстан Ұлттық қорынан екінші рет қаражат есептелді.