
ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті Қаражанбас және Қаламқас кен орындарының жанында итбалықтардың құрлыққа шығуына қатысты БАҚ және әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға түсіндірме берді
Берілген ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың ақпан айының аяғы мен наурыз айының басында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде ауа мен су температурасының күрт төмендеуі тіркелді.
Сонымен қатар, осы кезеңде батыс бағыттағы желдер жағаға қарай басым болды, бұл мұз қалдықтарының сынықтарының ығысуына және олардың бір-біріне тығыз тақалуына ықпал етіп, итбалықтардың суға сүнгуіне мүмкіндік бермеді.
«Осылайша, ересектер тамақтану мүмкіндігінен айырылды. Өз кезегінде, жел мен су ағынының әсерінен мұздар, оларда орналасқан жас дарақтармен бірге жағалауға қарай ығыстырылды. Азық-түлік іздеген итбалықтар Қаражанбас және Қаламқас кен орындары жанындағы жағалауға шығып кетті, себебі күрделі ауа-райы жағдайында олар сол жердегі бағдарды жоғалтып алды» – делінген хабарламада.
Осыған байланысты, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мемлекеттік инспекторлары Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілімен бірлесіп осы өңірге барды. Айта кету керек, ауа-райының қолайсыздығы (қар, күшті жел, боран) ол жерге баруды қиындатты. Ол жерге келгеннен кейін жағдайды бағалау жүзеге асырылады және адасқан итбалықтарды табиғи ортаға қайтару бойынша шаралар қабылданады.
Бұдан басқа, алдағы күндері жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп әуе көлігін пайдалана отырып, өңірді айналып өту белгіленді.
Жағдай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бейінді ведомствосының бақылауына алынды.